Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов селекторлық жиында Алматы облысында коронавирусты таратуға жол бермеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады.
Сонымен қатар облыс аумағында шектеу шараларын күшейтуге қатысты аудан, қала әкімдеріне, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне қарағанда, өңірде вирус жұқтырған 8 азаматтың да жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда, қажетті ем шаралары жасалып жатыр. Ал олармен байланыста болғандар анықталып, карантинге алынған.
Амандық Баталов облыста құрылған қайырымдылық қорының жұмысын ширату керектігін айтты. Вирус ошағы анықталған аулаларда, елді мекендерде қанша адам тұрады, олардың ішінде қаншасы нәресте, қаншасы қарт адам, басқа да әлеуметтік санатқа кіретін азаматтар қанша екенін, олардың мұқтаждығы бар-жоқтығын анықтау – бірінші кезектегі мәселе. Анықталған мәліметтер бойынша қордың қаржысына қажетті көмектерді ұйымдастыру ісін қолға алу керек.
Ертең маған қайырымдылық қорының жұмысы жандандырылды ма, қандай іс атқарды, сол туралы есеп бересіңдер. Және ол көз үшін емес, шын мұқтаж адамдарға көмек көрсету үшін атқарылуы тиіс, - деп А. Баталов қадап айтты.
Облыс аумағындағы халықты маскамен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету үшін маска тігуге шағын және орта бизнес нысандарына мемлекеттік тапсырыс беру қажет. Облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиевтің айтуынша, қазір өңірде күніне 136 мың маска тігілуде. Бірақ Амандық Баталов оның әлі де аздық ететінін, санын арттыру шараларын қабылдауды тапсырды.
Ал ірі кәсіпорындар өз жұмысшыларының кәсіпорын аумағынан ешқайда шықпай жұмыс істеуіне жағдай жасап, барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, жұмыстарын жалғастыра беретін болады.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес дайындалған шектеу талаптарын күшейту туралы қаулының мәтінін облыстың бас санитар дәрігері Қайрат Баймұхамбетов оқып берді. Қаулыда аудандар мен қалаларда, сол қатарда Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарымен шектесетін аумақтарда қосымша санитарлық посттар қойылатыны айтылған. Облыс аумағында, соның ішінде Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарымен шекарада жүк тасымалдаушы, жеткізу қызметінің қызметкерлері мен көліктері, өңірдің тіршілігін қамтамасыз етуге қажетті арнайы көліктер, медициналық ұйымдар мен мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен көліктерінен басқа жеке көліктер мен адамдардың қозғалысы шектеледі. Бұған дейін Алматы қаласына тек медицина мамандарының кіріп-шығуына рұқсат етілсе, енді оларға да рұқсат етілмейді.
Сол сияқты әуежайдың жұмысы, аудандық, қалалық автовокзалдардың, автостанциялардың қалааралық, ауданаралық автобус байланыстары тоқтатылып, ресми такси қызметінен басқа жеке тасымалдаушылардың жүруіне тыйым салынады.
Сол сияқты ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласындағы жұмыстар барлық санитарлық және дезинфекциялық шараларды қатаң сақтай отырып жүргізіледі.
Біз облыста вирус жұқтырған адамдар санының артуына байланысты шектеу шараларын күшейтуге мәжбүрміз. Енгізілетін шектеу талаптарын карантин кезіндегіден де қатаң сақтауымыз керек. Карантин енгізілген Алматы қаласымен шекаралас болғандықтан, облыста он есе сақ болуға тиіспіз. Қабылданған қаулының әр тармағының орындалуы қатаң қадағалансын. Посттардың не үшін қойылғанын, қандай шектеу шаралары енгізілгенін жергілікті әкімдіктер халыққа жете түсіндіруі тиіс. Бізде вирустың таралуына жол бермеу шараларына қажетті техника жеткілікті, қаржы бар, мүмкіндіктер қарастырылған. Бұл жұмыстың нәтижелілігі ең алдымен жергілікті жердегі әкімдердің жинақы, нақты, жедел жұмыс істеуіне байланысты. Сондықтан маған күнделікті әр аудан, қала бойынша нақты мәлімет беріп отырасыңдар, - деді А. Баталов.
Осы жиында "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын жобалар, көктемгі дала жұмыстарын дер кезінде жүргізу мәселелері де талқыланды.
Атап өтсек, облыстың бас санитарының қаулысына сәйкес наурыздың 30-ынан 31-іне қараған түнгі сағат 00:00-ден бастап Алматы облысы аумағында шектеу шаралары күшейтіледі.