Алматы метросы қалай ұзармақ – әкім жауап берді

Бөлісу:
Алматы метросы қалай ұзармақ – әкім жауап берді
Фото: metroalmaty.kz

Алматы метросын ұзарту жұмыстарын халықаралық қаржылық ұйымдар қаржыландырады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев БАҚ өкілдерінің алдында мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді. Кездесу барысында журналистердің сұрағына жауап берген шаһар басшысы Алматы метросын ұзарту жұмыстары туралы айтып өтті.

Алматыда көлік қаңқасын қалыптастыру мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеміз. Бұл қаңқаның негізі жылдам қоғамдық көлік болады, бұл – метро, жеңіл рельсті көлік және БРТ. Метро бойынша Мемлекет басшысының қолдауымен біз екі бағытта метроны дамыту үшін қарыз алу мүмкіндігін қарап жатырмыз. Бірінші бағыт - "Қалқаман" бекетінен "Барлық" бекетіне дейін 5,3 км. Екіншісі - "Жібек жолы" станциясынан әуежайға дейін 14 км, - деді Ерболат Досаев.

Сондай-ақ Алматы әкімі қазіргі уақытта халықаралық қаржылық ұйымдармен келіссөздер жүргізіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, алдын ала келісім бойынша 1 млрд АҚШ долларына жуық қаржы алу мәселесі талқыланған.

Ерболат Досаев метро құрылысын жылдам жүргізу мәселесіне де тоқталды.

Метро құрылысы әрдайым белгіленген уақытынан ұзарып кетеді. "Сарыарқа" мен "Момышұлы" 3,5 жылдың орнына 7 жылда салынды. Қазір жаңа технологиялар бұл жұмысты жылдам істеуге мүмкін береді. Меніңше, мұндай жұмыстардың уақыты 3,5 жылдан аспауы керек, - деді қала әкімі.

Өзгелердің жаңалығы