Биыл 30 қарашадан бастап Алматы мен Токио арасында тікелей әуе рейсі қатынай бастайды. Рейсті Air Astana әуе компаниясы орындайды. Ұшақтар аптасына екі рет қатынап, Жапония астанасындағы Нарита әуежайына қонады.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, тікелей әуе қатынасының ашылуы қаланың жапон туристік нарығын дамыту бағытындағы жұмыстарының жалғасы болып отыр.
Қыркүйек айында Visit Almaty ұйымы Токиода өткен Tourism EXPO Japan 2026 көрмесінде қаланы таныстырды. Іс-шара аясында Алматы өкілдері туроператорлармен, туристік ұйымдармен, компаниялармен және жапондық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен 150-ден астам іскерлік кездесу өткізді.
Сонымен қатар 30 қыркүйекте Almaty Tourism Bureau және Rakuten Sports ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат спорттық және іс-шаралық туризм салаларындағы өзара іс-қимылды көздейді.