Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы білім Басқарма басшысы Ләззат Жылқыбаева онлайн брифинг барысында жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын баяндады.
Оның айтуынша, 1 қыркүйектен бастап оқушылар қашықтан оқу форматында білім алады. Сондықтан оқушыларды техникамен қамтуға көңіл бөлуде.
Қазір бұл мәселені шешу үшін мектептердегі өз қаражаты есебінен сатып алынған 9 мың ноутбук және мектептердегі бұған дейінгі өздерінде бар 10 мың ноутбук уақытша пайдалануға берілді. Сонымен қатар, жақын күндері Үкіметтің резевтік қоры есебінен сатып алынатын 38 мың ноутбук және жергілікті бюджеттен сатып алынатын 11 мың ноутбук пен 22 мың планшет таратылады. Компьютерді тарату жұмысы демалыс күндеріне қарамастан жалғасып жатыр. бүкіл Қазақстан бойынша компьютерді сатып алу жүргізіліп жатқандықтан техникаларды жеткізу 15 қыркүйекке дейін іске асырылады,-дейді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, ол оқушылар мен мұғалімдердің интернетке қолжетімділігін шешу кезең-кезеңімен атқарылып жатқанын жеткізді.
Интернетке қосылуды қажет ететін 22 мыңнан астам оқушыға сим карталар сатып алынды. Қазіргі таңда сим карталар мен роутерлер таратылып берілді. Интернеті жоқ мұғалімдерге мектепке келіп онлайн сабақ өткізуге рұқсат берілді. Осыған байланысты қаладағы мектептердің барлығы дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз етілді. Одан бөлек 1-2 сыныптарда 193 кезекші топтар ашылды. Бұл топтарда 1977 бала сабақ оқиды, - деді ол.