Алматыда жұмыс күндері 10 магистральді жолдан орта есеппен 400 мыңнан астам автомобиль, ал облыстан қалаға апаратын қосымша 17 жолдан 300 мыңнан астам көлік келеді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Аталған дерек «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенінен алынған.
Алматыға кіретін көлік ағыны 700 мыңнан асады, бұл қала халқының шамамен үштен бірін құрайды. Бұл деректер 2023 жылы 6 қазан күні «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенінің көмегімен жол жағдайының мониторингі негізінде алынды, – деді қала әкімдігі.
Алматыға жұмыс күндері келетін көлік саны Латвиядағы көліктердің санымен шамалас.
Латвияда халық саны - 1,891 миллион адам. Бұл ретте, елде 730 мыңға жуық автокөлік тіркелген. Былайша айтқанда, облыстан Алматыға үнемі бүкіл Латвия «кіреді». Жергілікті деңгейде есептесек, бұл Батыс Қазақстан облысының 5 (134 172 көлік) немесе Астананың 2 автопаркі (326 мыңнан астам көлік тіркелген) деген сөз, – дейді қала әкімдігі.
Сырттан кіретін көліктермен қоса, Алматының өзінде 617 мыңға жуық автомобиль тіркелген.
Бұған облыстан келетін 400 мыңнан астам көлікті қосқанда, мегаполис көшелерінде 1 млн 100 мыңнан астам машина жүреді. Басқаша айтсақ, бұл қаламыздың әрбір екінші тұрғыны көлік тізгіндегендей жағдай, - деп хабарйлайды Алматы әкімдігі.