Коммуналдық өтемақы алуға 20 мыңнан астам алматылық жүгінген

24 Сәуір 2020, 16:57
1571
Бөлісу:
Коммуналдық өтемақы алуға 20 мыңнан астам алматылық жүгінген
Президенттік қолдау

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы 3 күнде Алматы бойынша 20 520 адам коммуналдық өтемақы мәселесімен қоңырау шалды. Оның 2011-і мақұлданды. 

Бұл туралы Алматы қаласы Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқарма басшысы Әсет Масабаев бирифинг кезінде айтты.

Ел билігі төтенше жағдай режимінде әлсіз топқа жататын тұрғындардың коммуналдық төлемін өтеу жөнінде бұйрық шығарғанын бұған дейін хабарлағанбыз. 23 сәуірден бастап Алматы қаласы бойынша call-орталықтар тұрғындардан өтініш қабылдап жатыр. 

Бірінші күні 17 оператор жұмыс істеді. Кеше олардың санын 40 адамға дейін арттырдық, алдағы уақытта тағы 30 оператор қосамыз. Өйткені хабарласып жатқан қала тұрғындарының қатары өте көп. Соңғы 3 күнде 20 520 адам қоңырау шалған. Оның ішінде 4073 өтінішті қарадық, тек 2011 адамның өтініші мақұлданды. Кешкі сағат 18.00 дейін кейін тағы қорытындысын жасаймыз, - дейді басқарма басшысы. 

Оның айтуынша, өтініш бергендердің көпшілігі ҚР Индустрия министрлігі бекіткен санатқа жатпайды. Қала тұрғындарының көпшілігі барлығына бірдей жеңілдік жасалады деген оймен хабарласып жатқан көрінеді. 

ТЖ кезіндегі ҚР президенті жанындағы комиссиямен бекітілген ережеге сай коммуналдық өтемақы тек мына санатқа жататындарға беріледі: 1-3 топ мүгедектеріне, мүгедек баласын асырап отырғандарға, көпбалалы отбасы, соғыс ардагерлері, мемлекетік қызметте немесе қоғамдық міндетін атқару барысында қаза тапқандардың отбасылары және ең төменгі деңгейде зейнетақы алатындарға. Хабарласқандардың көпшілігі пәтерді жалдап тұратынын және қандай көмек болатынын сұрап жатыр. Дегенмен, комиссиямен бекітілген тәртіпке сай мұндай адамдардың коммуналдық төлемі өтелмейді. Яғни, жалдап тұрып жатқандарға мұндай көмек жасалмайды, көрсетілген санатқа кіретіндердің өз дербес шоты болу керек, - дейді Әсет Масабаев. 

Сонымен қатар, ол үкімет тарапынан өтелетін 15 мың теңге адамдардың дербес шотына ғана аударылатынын және оны ешкім шешіп ала алмайтынын айтты.

Өзгелердің жаңалығы