Алматы әкімдігі сауданы ұйымдастырудың бірыңғай ережелерін әзірлейді

22 Қаңтар 2020, 17:03
2033
Бөлісу:
Алматы әкімдігі сауданы ұйымдастырудың бірыңғай ережелерін әзірлейді

Алматы, BAQ.KZ.  Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин Алматы қаласы аумағында сауданы ұйымдастырудың жаңа ережелерін әзірлеу, сондай-ақ маусымдық (жазғы) алаңдарды орналастыру мәселелері туралы айтып берді.

2019 жылдың желтоқсан айының соңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" заңға енгізілген түзетулерді мақұлдады. Осы жылдың 10 қаңтарынан бастап заң күшіне енді. Барлығы - 28 өзгеріс, олар сәулет, қала құрылысы, жер қатынастары, көлік, әлеуметтік сала, соның ішінде кәсіпкерлікке қатысты. 

Бүгінде "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" ҚР заңына сәйкес қаланың аумағында сауданы ұйымдастыру ережелері әзірленуде, онда стационарлық емес сауда объектілерін орнату үшін орындарды анықтаудың негізгі талаптары мен өлшемдерін, бірыңғай дизайн код, сондай-ақ кәсіпкерлерге орындарды бөлу тетігін бекіту жоспарланып отыр.

Еркебұлан Оразалин хабарлағандай, ережелер аясында стационарлық емес сауда объектілерін, оның ішінде жылжымалы фуд-трактарды орнатуға арналған орындарды кәсіпкерлердің өтініштері бойынша санитарлық нормаларды сақтай отырып анықтау ұсынылады, оның үстіне жақын жерде тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің ұқсас түрі бар коммерциялық үй-жайлар тиіс.

Бүгінгі күні кәсіпкерлердің өтініштері бойынша стационарлық емес сауда объектілерін орнатуға арналған "Атамекен" ҰКП ұсынған 250 жер учаскелерінен бірінші кезеңде 85 учаскелер іріктелді. Оларды аукцион арқылы немесе отандық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ететін тауар өндірушілермен тікелей шартқа отыру арқылы қолануға беру ұсынылады, - дейді Еркебұлан Оразалин.

Бұдан басқа, фуд-трактарды орналастыру бойынша шамамен 50 орын анықталады. Стационарлық емес объектілеріне жәрмеңке қызметі де жатады. Аталған жәрмеңкелердің негізгі мақсаты - ауыл шаруашылығы және отандық тауар өндірушілердің өнімдерін халыққа тікелей жеткізу.

Бүгін "демалыс күні" жәрмеңкесі қаланың 5 ауданында жұмыс істейді. Биылғы жылдың ақпан айында қосымша 5 жәрмеңке ашу жоспарланған. 

Жеке жер телімдеріндегі стационарлық емес сауда объектілері бойынша көше саудасы ережелеріне сәйкес бірыңғай талаптарды сақтауды қамтамасыз ету қажет, - деді Оразалин.
Сонымен қатар, маусымдық (жазғы) алаңдардың қызметіне де ерекше назар аударылды. Әзірленетін ережелерде оларды орналастыру, абаттандыру және пайдалану жөнінде негізгі талаптар жазылады.

Жаңа ережелер, ең алдымен, Алматы қаласының сыртқы сәулеттік-көркемдік келбетінің сақталуын қамтамасыз ету; қауіпсіздік талаптарын, техникалық регламенттерді, құрылыс нормалары мен ережелерін, мемлекеттік стандарттарды есепке алу; сондай-ақ маусымдық алаңның орналасу орны мен эстетикалық сипаттамалары объектінің қасбеттері мен стилистикасына сәйкес келуі үшін қажет.
Еркебұлан Оразалин атап өткендей, әзірленіп жатқан құжатқа сәйкес маусымдық алаңдар тек стационарлық тамақтану объектілері жанына ғана орналасуы тиіс. Бұл талаптар мемлекеттік қор аумағындағы, сондай-ақ жеке жер учаскелеріндегі объектілерге қатысты. Маусымдық алаңның аумағы өзі орналасқан стационарлық қоғамдық тамақтандыру кәсіпорнының алаңынан аспауы тиіс.

Сонымен қатар, маусымдық алаңдарды қалалық жер үсті жолаушылар көлігінің аялдама пункттерінде; жер асты және жер үсті жаяу жүргіншілер өткелдерінің аймағында; метрополитеннің техникалық ғимараттарының 25 метрлік аймағында, ғимараттардың аркаларында, гүлзарларда, алаңдарда (балалар, спорт, қалалық көлік тұрақтарында); тұрғын үйлердің шатырларында және олардың жапсарлас салынған үй-жайларында орналастыруға жол берілмейді, - деп түсіндірді Еркебұлан Оразалин.

2019 жылдың мәліметтері бойынша, қалада 270 жазғы алаң бар, оның 10% жеке аумақтарда, 90% мемлекеттік қор аумағында орналасқан. 

Жаңа ережелерге сәйкес, мемлекеттік қордың жерлері аумақтарына орналасқан маусымдық алаңдарды тек жеңіл құрылымдар мен уақытша құрылыстардан ғана орнату ұсынылады. 

Еркебұлан Оразалин жеке меншік аумақтардағы жазғы алаңдарға қойылатын талаптар тек жаңа ашылған нысандарға ғана қойылатынын және бұрын орнатылған күрделі құрылыстар өзгеріссіз қалатынын айтып, өзінің сөзін қорытындылады.

Өзгелердің жаңалығы