Алматы инвестклимат бойынша жетекші орынға ие – Алматы әкімі

27 Қараша 2019, 11:52
2038
Бөлісу:
Алматы инвестклимат бойынша жетекші орынға ие – Алматы әкімі

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Дүниежүзілік банктің рейтингісінде Алматы бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша Қазақстанның барлық өңірі арасында бірінші орында тұр. 

Бұл туралы Сағынтаев Алматыда өтіп жатқан инвест форум барысында айтты.

Қала әкімі жиын барысында осы жылдың қыркүйегінде Fitch агенттігі қалаға ВВВ несиелік рейтингін – Қазақстанның дербес рейтинг деңгейін бергенін және бұл инвестиция үшін тәуекелдің төменгі деңгейін білдіретінін жеткізді.

Іс жүзінде, Қазақстандағы ең үздік бизнес-климат – Алматыда. Сонымен қатар, Орталық Азиядағы өзге бірде-бір мегаполис мұндай халықаралық несиелік рейтингке ие емес. Екіншіден, Алматы – Қазақстанның ірі экономикалық аймағы. Қала экономикасының көлемі – 12,1 трлн теңгені немесе 35 млрд долларды құрайды. Бұл – жалпы ішкі өнімнің бесінші және салықтардың төрттен бір бөлігі, - деді әкім.

Сондай-ақ, ол Алматы – жалпы өңірлік өнімі жан басына шаққанда 19 мың долларға жуықтайтын, Орталық Азиядағы ең табысты мегаполис екенін айтты.

Өмір сүру мен бизнестің қолайлы жағдайларының арқасында Алматы – адам капиталының концентраторы. Біздің қалада елдегі және өңірдегі ең креативті, ең батыл әрі білімді адамдар шоғырланған. Қала әкімі ретінде, креативті адами капитал Алматының басты бәсекелестік артықшылығы деп санаймын. Бұл қағидатты мен қалалық дамудың барлық жоспарына енгіземін, - деді ол.

Сөз арасында ол, қалалық инфрақұрылымды ауқымды жаңғыртуды бастайтындарын айтты.

Мегаполисте өмір сүру сапасы мен жайлылықты арттыру үшін біз қысқамерзімді және ортамерзімді даму жоспарларының арнайы пакетін қабылдадық. Олар бірінші кезекте "Жаңа Алматыға", яғни мегаполистің шеткі аудандарына, сондай-ақ Алматы агломерациясына қатысты. Екі жоспар да қаланың кезек күттірмейтін мәселелерін жылдам шешуге бағытталған. Ол сумен жабдықтау, жарықтандыру, абаттандыру және қауіпсіздік, - деді Бақытжан Сағынтаев. 

Сондай-ақ, ол қала көп орталықты болатынын айтты. Қалалық инфрақұрылымды жаңарту алдағы 5 жылда инвестиция үшін жаңа алаңдар ашпақ.

Тек "Жаңа Алматы" жоспары 834,5 млрд теңге көлемінде бұрын-соңды болмаған салымдардың салынатынын болжайды. Алдағы бағам бойынша бұл 2 млрд 155 млн долларды құрайды. Біз Сіздерді бизнес серіктестік пен ынтымақтастыққа шақырамыз. "Жаңа Алматы" мен агломерацияны дамыту жоспарлары қалалық экономика үшін маңызды драйверлер деп санаймын, - дейді қала әкімі.

Айта кетсек, бұған дейін Алматыда инвестициялық форум өтіп жатқанын хабарлағанбыз.

Өзгелердің жаңалығы