Алматы, BAQ.KZ. Алматының қоғамдық көлік паркі газбен жүретін 105 жаңа экологиялық таза және жайлы Golden Dragon автобустарымен толықты, жақын арада тағы 45 автомобиль жеткізіледі деп күтілуде. Осы жылы экологиялық таза көлік үлесін 50%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сыйымдылығы 90 адам Евро-5 экологиялық класты едені төмен, үш есікті автобустар кондиционермен, бейнебақылау камераларымен, аялдамалардың автоматты дауыстық хабарландырумен, жүргізушінің шаршағанын тіркейтін датчикпен, бейнетіркегішпен, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған пандуспен және басқа да опциялармен жабдықталған.
Техникалық жабдықталғаннан кейін бүгін №44 бағыт бойынша 14 жаңа автобус жолға шығады. Қалған автобустар жақын күндері техникалық дайындығына қарай ең көп жүретін бағыттарды жаңарту және күшейту үшін жолға шығады. Жалпы, бірінші жартыжылдықтың соңына дейін қоғамдық көлік паркі 300 жаңа автобус алатын болады. Жыл ішінде қосымша 250 газ автобусын жеке тасымалдаушы сатып алады,-делінген хабарламада.
Бүгінде қала әкімдігі экологиялық жағдайды жақсартуға бағыт алды. Бұл бағытта экологиялық таза көлік санын арттыру, ауаның жағдайын жақсарту, халықтың өмірі мен денсаулығы үшін жайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ету, автобустардың жүктемесін азайту және жолаушылар айналымын ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізілуде.