Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін түнде Алмалы ауданы Жұмалиев көшесіндегі "Grand Asia" бизнес-орталығында өрт шыққан. Сағат 00:31-де 101 қызметіне өрт тұтанғаны жөнінде хабар келіп түскен. Зардап шеккендер жоқ. Бұл туралы Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Өрт сөндірушілер 1-қабаттан бастап 12-қабатқа дейін керамогранит астына төселген жылытқыштың сыртқы қаптамасы жанып жатқанын анықтады. Қызыл жалын 02:18-де толық сөндірілді. Өрт 150 шаршы метр аумақты шарпыған. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ, - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, тілсіз жаудың алдын ала себебі - пиротехниканы қолдану кезінде өрт қауіпсіздігін сақтамаудан туындаған.
Өртті сөндіруге Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 43 адам және 15 техника жұмылдырылды,- дейді қалалық төтенше жағдайлар департаменті.