Ауғанстаннан дипломаттарды Алматыға жеткізу жалғасып жатыр

19 Тамыз 2021, 15:16
4612
Бөлісу:
Ауғанстаннан дипломаттарды Алматыға жеткізу жалғасып жатыр
PHOTO

Алматы, BAQ.KZ тілішісі. Кеше Алматы әуежайына 42 адам тиелген әскери ұшақ Ауғанстаннан келіп қоған еді. Бүгін түнде тағы 140 шетелдік дипломат қалаға жеткізілді. 

Ауғанстандағы жағдайдың күрт шиеленісуімен көптеген ел ондағы дипломатиялық миссияларын шығарып жатыр. Кеше Алматыға ауған жерінен 42 азамат жеткізілді. Оның 14-і көрші - Қырғызстан дипломаттары.

Ауғанстаннан дипломаттарды Алматыға жеткізу жалғасып жатыр

ҚР Ауғанстандағы әскери атташесінің көмекшісі Ербол Шәкіров Ауғанстанда жағдай ушығып тұрғанын айта келе ол жақта Қазақстан ұшақтарына қонуға рұқсат етілмей отырғанын жеткізді.

Ауғанстаннан дипломаттарды Алматыға жеткізу жалғасып жатыр

Қазір Кабул әуежайындағы ахуал өте қиын. Тек Америка Құрама Штаттары және НАТО ұйымына кіретін елдердің ұшақтары ғана қонуға рұқсат алып отыр. Соған қарамастан біздің ұшқыштар ұшағын отырғыза алды. Қазақстан Президенті мен Қорғаныс министрлігіне жәрдемдескені үшін алғыс білдіремін, - деді ол.

Ал Қырғыз Республикасының Алматыдағы бас консулы Қайратбек Жақыпбеков Ауғанстанда әлі қанша азаматтары жүргенін нақтылап жатқандарын айтты.

Ауғанстаннан дипломаттарды Алматыға жеткізу жалғасып жатыр

Біз Қазақстан бортымен Ауғанстаннан ұшып келген Қырғыз Республикасының 14 азаматын күтіп алдық. Азаматтарымызды қауіпсіз эвакуациялауға көмек көрсеткені үшін алғысымды білдіремін. Олар Қазақстанға аман-есен жеткізілді, одан әрі автокөлікпен Қырғызстанға аттанады. Қазір әріптестерім Ауғанстанда қанша қырғыз азаматы қалғанын анықтауда, оларды елге қауіпсіз жеткізу бағытындағы жұмыстар жалғаса береді, - деді консул.  

Бүгін түнде Ресей ұшағымен Алматыға тағы 140 дипломат жеткізілді. Олардың бәрі Ауғанстанда жұмыс істеп келген БҰҰ-ға қарасты түрлі ұйымдардың қызметкерлері.

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин халықаралық қауымдастықтар Ауғанстандағы қызметкерлерін қабылдау жөніндегі өтінішпен шыққанын айтады.

Ауғанстаннан дипломаттарды Алматыға жеткізу жалғасып жатыр

Бүгін Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ миссиясының 140 қызметкерін Алматыға жеткіздік. Халықаралық ұйымдар Ауғанстандағы жағдайдың ұшығуымен қызметкерлерді уақытша қабылдау өтінішімен шықты. Ондағы жағдайдың күрделене түсуін және Қазақстанның БҰҰ мүшелігінде барын ескере отырып Президентіміз бұл топты қабылдау жөнінде шешім шығарды. Олар осында бірнеше ай қашықтан жұмыс істейді, нақты қанша уақыт болатыны Ауғанстандағы жағдайға байланысты, - дейді Рахметуллин. 

БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори әріптестерінің біраз бөлігі Ауғанстанда қалып, гуманитарлық көмекпен айналысатынын айтады.

Ауғанстаннан дипломаттарды Алматыға жеткізу жалғасып жатыр

Әріптестерімізді қабылдаған Қазақстан Үкіметінің қолдауына үлкен алғысымызды білдіреміз. Біздің бұл қызметкерлер әлемнің әртүрлі мемлекеттерінің, оның ішінде еуропалық және Солтүстік Америка және басқа аймақтағы елдердің азаматтары. Әріптестеріміз осы Алматыда отырып, Ауғанстанға көмек көрсету бағытында жұмысын жүргізе бермек. Бірақ мынаны нақты айтқым келеді: Біріккен Ұлттар Ұйымы осы сындарлы кезеңде Ауғанстаннан кетпейді, біраз бөлігі сол жақта қалып, гуманитарлық көмекке мұқтаж миллиондаған ауған азаматына көмек көрсету ісін жалғастырады, - дейді БҰҰ қызметкері.

ҚР Сыртқы істер министрлігі бүгін Ауғанстандағы жағдай бойынша мәлімдеме жасап, Қазақстан ондағы жағдайдың даму барысын мұқият қадағалап отырғанын жеткізді.

Аталған елдің тарихында тағы бір шешуші сәт келе жатыр. Көпжылдық жанжалды ауған халқы өзі шешуі керек, - деп мәлімдеді СІМ.

Айта кетсек, АҚШ Ауғанстандағы әскерін шығарысымен тәліптер елдегі билікті өз қолдарына алды. Тамыздың 15-і күні Ауғанстан астанасы Кабул тәліптердің қолына өтісімен онда жағдай күрт шиеленісіп, халық жапа-тармағай елден қаша бастады. 

Бұған дейін өзінің отставкаға кеткенін мәлімдеген ел президенті Ашраф Ғани бүгін бейнеүндеу жариялап, қазір БАӘ-де екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол елде қантөгіс болмас үшін осылай жасағанын түсіндірді. 

Ауғанстандағы жағдай бойынша сұхбат берген халықаралық сарапшы Сайфулла Сапанов АҚШ Ауғанстаннан әскерін шығарғанымен, ықпалын әлі жоғалтқан жоқ деген ойын айтқан еді.


Өзгелердің жаңалығы