Алматы ауасында улы қалдықтар көбейген

20 Қараша 2019, 15:15
3816
Бөлісу:
Алматы ауасында улы қалдықтар көбейген

Алматы, BAQ.KZ. Алматы ауасында соңғы 3-4 күнде көміртегі оксиді мен азот диоксидінің көлемі шекті шамадан асқан. Бұл туралы "Хабар 24" телеарнасы хабарлады.

"Қазгидромет" мамандары бұл маусымдық кезеңге тән десе де, тұрғындар әлеуметтік желілерде қара түтін басқан қаланың суреттерін жүктеп, шағымдануда.

Қазір Алматының үстін жапқан қара түтінді көру үшін биікке көтерілудің қажеті жоқ. Жылу маусымы басталысымен қаладағы бұлыңғыр көрініске көз үйреніп, қолқаны қапқан иісті тұрғындар аса елемейтін болған. Алайда, соңғы 3-4 күнде қаладағы атмосфралық ауаның жағдайын бақылайтын 16 бекеттен алынған мәліметтерге сәйкес, ластану деңгейі шекті шамадан 6 есеге артқан.

"Қазгидромет" мамандарының айтуынша, ауадағы зиянды қалдықтардың мөлшері шамадан 10 есеге артып, бұл жағдай 2 тәулікке созылса ғана шұғыл дабыл қағылады. Соңғы 10 жылда қалада мұндай жағдай тіркелмеген.
Қалқыма бөлшек 2,5, норматив бойынша шекті жоғары шамасы 0,16-ға тең. Бостандық ауданында, Түрксіб ауданы, Жетісу, Медеу аудандарында қалқыма бөлшектері 2,5, қалқыма бөлшек 6,2 шекті жоғары шамада. Айтарлықтай қауіпті деп айта алмаймын. Бұл деген шекті жоғары шамадан шамалы ғана асқан, - дейді "Қазгидромет" АҚ жетекші инженері Әсел Рысқұлова.

Бұл – қараша айындағы көрсеткіш. Қыстың қақаған аязында жылу орталықтары мен жеке тұрғын үйлердің көмірді көп жағатынын ескерсек, көрсеткіштердің көңіл көншітпейтіні анық. Ал, эколог мамандар "Алматының ауа райы жыл өткен сайын нашарлауда" деп дабыл қағып отыр.
Жылдан жылға ауаның сапасы нашарлап келе жатыр. Оны немен байланыстыруға болады. Ол қалада автокөлік жылдан жылға көбейіп келе жатыр. Соған байланысты ауа да нашарлай бастады, - дейді "Қазэкология" ЖШС сектор жетекшісі Сұңқар Жолдыбай.
Бейресми мәліметтерге жүгінсек, мегаполистегі тұрғындар саны 2 миллионнан асқан. Ал, көлік саны екі тұрғынға біреуден келеді. Ауаны тазарту үшін экологтар "Әр тұрғын – бір ағаш" республикалық шарасын қолға алған.


Өзгелердің жаңалығы