Алматы әуежайының жаңа халықаралық терминалы қашан пайдалануға беріледі?

3 Маусым 2023, 18:28
851
Бөлісу:
Алматы әуежайының жаңа халықаралық терминалы қашан пайдалануға беріледі?
Фото: ҚР Қаржы министрлігі

2023 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша негізгі нысандағы жобалық жұмыстардың жартысына жуығы аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР Қаржы министрілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ президенті Альп Тунга Ерсоймен және «TAV Kazakhstan» Бас директоры Фатих Омюрмен, Вице-президент – Әкімшілік басқармасы басшысының орынбасары Серт Уфукпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар жаңа халықаралық терминал мен Алматы халықаралық әуежайының өзге де инфрақұрылымдық нысандарын салу, сондай-ақ авиаотын жеткізуді өтеу туралы мәселелерді талқылады.

2022 жылдың басында жалпы ауданы 53,5 мың шаршы метр болатын жаңа халықаралық терминал мен Алматы халықаралық әуежайының өзге де инфрақұрылымдық объектілерін салу бойынша негізгі құрылыс жұмыстары басталды. 2023 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша негізгі нысандағы жобалық жұмыстардың жартысына жуығы аяқталды. Жоспар бойынша халықаралық терминал 2024 жылдың 2 тоқсанының аяғы мен 3 тоқсанының басында пайдалануға беріледі, содан кейінгі кезекте жаңа халықаралық бағыттардың ашылуы және рейстер санының артуы аясында жолаушылар ағынының айтарлықтай өсуі күтіледі, - делінген министрлік хабарламасында.

Бұдан басқа, әуежай базасында өңірлік көліктік-логистикалық хабты дамыту жөніндегі жоба шеңберінде жүк тасымалы ұлғайтылады, тұтынушылар үшін қызметтер мен сервис жақсартылады, коммерциялық және өзге де инфрақұрылым дамитын болады. Жаңа тұрақты жұмыс орындары құрылып, жергілікті шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріледі.

Кездесу соңында Ерұлан Жамаубаев Альп Ер Тунга Ерсой мен Фатих Омюр және Серт Уфукқа алғыс айтып, одан әрі жемісті ынтымақтастықты дамытуға сенім білдірді.

Өзгелердің жаңалығы