Алматы әуежайында ер адам өзіне дене жарақатын салғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Оқиғаға қатысты Көлік полициясы түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алматы – Астана рейсінің жолаушысы әуежайға аман-есен келіп, тіркеуден және тексеруден өткен. Алайда белгісіз себептермен ұшаққа отырмаған. Шамамен төрт сағат күту залында болған соң санитарлық бөлмеге кіріп, өзіне жарақат салған, – деп хабарлады полиция департаменті.
Жолаушыға әуежайдың медициналық қызметкерлері жедел көмек көрсетіп, кейін ол қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Әуежайдың жұмысы штаттық режимде жалғасып жатыр.
Бұған дейін Алматы әуежайында жолаушының дәретханада өзіне дене жарақатын салғанын жазғанбыз.