Алматы қаласына арналған әдеби байқау жарияланды

11 Ақпан 2020, 15:38
2536
Бөлісу:
Алматы қаласына арналған әдеби байқау жарияланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының ұйымдастыруымен өткізілгелі отырған І қалалық "Алматы – өркениет ордасы" атты әдеби жанрлық байқау жариялады.

Байқаудың мақсаты – Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының ел дамуы жолында басшылыққа алған "Ұлы даланың жеті қыры" атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген негізгі міндеттерді ары қарай жүзеге асыру. Мың жылдық тарихтан тамыр тартатын ел жастарының рухани астанасына айналған Алматы қаласының терең тарихын танытып, көпшілікке дәріптеу – дейді ұйымдастырушылар.

Сонымен қатар, қазақ әдебиетіне аяқ басқан дарынды жастардың шығармашылығын шыңдап, олардың қаламынан туған тың дүниелерді ел көлемінде насихаттау арқылы рухани астанамыз болған арман қаланың әр қырын кеңінен таныту. Тәуелсіздігіміздің куәгері, ел тарихының бастауы және алтын қазығы болған Алматы қаласының абыройын асқақтатып, бүгінгі болмысын көрсету үшін аға буын қаламгерлерді де тарту – осы байқау мақсаттарының бірі.

Байқауға өтініштерді қабылдау 2020 жыл 1 наурызына дейін жүргізіледі.

Байқауға қатысушылар «Алматы – өркениет ордасы» атты ортақ тақырыпта әдеби жанрларға байланысты төмендегідей бес аталым бойынша бақ сынайды: Поэзия, Проза, Балалар әдебиеті (поэзия немесе проза), Драма, Қысқаметражды фильмге көркем сценарий

 Байқау ережесімен толығырақ мына жерде танысуға болады.

Өзгелердің жаңалығы