Алматы қаласының жаңа әкімі Дархан Сатыбалды Instagram парақшасында қала тұрғындарына үндеу жариялады. Ол алматылықтарды қаланың дамуы үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Дархан Сатыбалды өз сөзінде Алматы әкімдігі үшін қала тұрғындарының мүддесі мен өмір сүру сапасын арттыру – басты міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, әкімдік қаланың өзекті мәселелерін шешуге бар күш-жігерін салады.
Жаңа әкім алғашқы жұмыс күнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болғанын айтып өтті. Президент әкімге Алматының тұрақты экономикалық өсуін қамтамасыз ету, экономика құрылымын әртараптандыру, қалалық инфрақұрылымды жаңғырту, жол-көлік желісін жақсарту және экологиялық мәселелерді шешу секілді бірқатар нақты тапсырмалар жүктеген.
Алматы – арман мен мүмкіндіктер мекені. Бұл шаһарға шынайы жанашырлықпен, тың серпінмен, нақты іспен қызмет ету – мен үшін үлкен мәртебе. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірігіп, тізе қосып еңбек етсек, ару қаламызды одан әрі көркейте аламыз. Әсем Алматының әрбір көшесі мен әр тұрғыны үшін нақты өзгерістер жасау, аянбай қызмет ету – біздің басты міндетіміз! Кеше айтылған басым бағыттарды біртіндеп, кезең-кезеңімен жүйелі түрде жүзеге асырамыз!, – деп жазды Дархан Сатыбалды.
Ол Алматы әкімдігі алматылықтармен ашық диалог орнатуға және халықтың ұсыныстары мен пікірлерін ескеруге дайын екенін жеткізді.