Алматы, BAQ.KZ. Қала әкімдігі COVID-19 ауруының өсуіне орай алматылықтарды адамдар көп шоғырланған орындардан аулақ болуға шақырады.
Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындардың назарын коронавирустық инфекцияны жұқтырғандар қатарының едәуір өскеніне аударады.
Санитарлық-эпидемиологиялық ахуал ЖРВИ мен тұмаудың маусымдық ушығуы салдарынан күрделене түсуде. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жедел респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырған науқастар қатарының 2,2 есеге өскені байқалады. Халықтың барлық жастағы топтарының КВИ ауруына шалдығу деңгейінің артуы ерекше алаңдаушылық туғызуда. 22 қазаннан бастап науқастар саны көбейген. Тек соңғы тәулікте ғана тұрғындар арасында КВИ жұқтырғандардың 77 оқиғасы тіркелді,-делінген хабарламада.
Адамдар көп шоғырланған орындарда КВИ жұқтыру салдарынан қоғамда эпидемиялық процестер өрши түсуде. Жүргізілген эпидемиологиялық сараптамалар нәтижесінде инфекцияның 53% -ының қоғамдық көлікте, 23% -ының - үй жағдайында, 17% -ының қоғамдық орындарда жұғатындығы анықталды.
Сондықтан Алматының санитарлық-эпидемиологиялық қызметі қала тұрғындарына профилактикалық шараларды сақтауды ұсынады. Біріншіден, адамдар көп жиналатын орындардан, әсіресе 65-тен асқан адамдардың аулақ болғаны жөн. Екіншіден, маска тағып, қоғамдық орындарда, мысалы, дүкендерде, дәріханаларда және т.б. әлеуметтік арақашықтықты сақтау қажет.
ЖРВИ белгілері байқалса үйден шықпай, дәрігерді үйге шақыру керек. Өзіңізді өзіңіз емдемеңіз, балаларды және егде жастағы отбасы мүшелерін жеке бөлмеде оқшаулап, жанашыр болыңыз.