Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласы Алатау ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы мұнай өнімдеріне ілеспе шот-фактуралардың болуы және олардың түпнұсқалығы бойынша рейдтік тексеру жүргізді.
Тексеру барысында "Т" ЖШС мұнай базаларының бірінде жалпы сомасы 833 280 теңгені құрайтын АИ-92 маркалы 6 510 литр бензин ілеспе шот-фактураларсыз мұнай өнімдерін сақтау анықталды.
Сонымен қатар, Алматы қаласы бойынша МКД Наурызбай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері «М» ЖШС жанар-жағармай станцияларындағы тексеру нәтижелері бойынша жалпы сомасы 4 миллион теңгеден асатын 20 тонна мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін бақылау өлшеу құралдарынсыз сату және жөнелту фактісін анықтады.
Қазіргі уақытта әкімшілік заңнамаға сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалып, материалдар Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберілді.
Осылайша, салық төлеуші «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Заңының нормаларын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 281-б. 5-т. 2-тармақшасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Мұндай заң бұзушылықтар шағын бизнеске немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 50 АЕК мөлшерінде, орта бизнес үшін - 100, ірі бизнес үшін - 300 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеліп соғады.