Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Санаулы күндерден кейін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы өтеді. Алқалы жиынға Қызылжар өңірінің атынан қатысатын делегация құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының СҚО филиалының ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі Алма Мырзалимова да бар.
Алма Мырзалимова білім беру саласында 36 жыл еңбек еткен мұғалім, сонымен қатар ол «Өрлеу» педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институты облыстық филиалының директоры қызметін атқарады.
«Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІІ сессиясына қатысу мүмкіндігіне ие болғаныма қуаныштымын. Бұл жиыннан зор үміт күтемін. Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев төрағалық еткен жиынның әрқайсысы нәтижелі болатынын тәжірибе дәлелдеді. Сессияда айтылған тың идеяларды өңірде жүзеге асырамыз.
Менің ойымша, шынайы табысқа жету үшін өзгелердің пікірімен санасу маңызды. Бейбітшілік болған кезде шағын ғана мемлекеттер қарыштап дамиды. Ауызбіршілік жоқ жерде алып империялар құлайды. Бұл тарих дәлелдеген заңдылық. Сондықтан бүгінгі өмірді бағалау үшін үйдің терезесінен сығалап емес, қоғамда болып жатқан өзгерістерге ауқымды көзқараспен үңілу керек», - деді ел өміріндегі елеулі оқиға жөнінде пікір бөліскен Алма Жәкімқызы.