Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Қалмұханбет Қасымов Бішкекте өткен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің отырысына қатысты, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Жиынға қатысушылар халықаралық жағдайдың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттердің қауіпсіздігі үшін қазіргі сын-қатерлерге қарсы іс-қимыл жүргізуге бағытталған маңызды кешенді шараларды қарастырды.
Басқосу нәтижесінде Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының ынтымақтастығын тереңдетуге қатысты құжаттарға қол қойылды.
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің отырысы аясында Қ.Қасымов Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттердегі әріптестерімен бірқатар кездесу өткізді. Уәкілетті мемлекеттік органдар желісін әрі қарай дамытуға және ұжымдық қауіпсіздіктің қазіргі сынақтар мен қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды.
Делегация басшыларын Қырғыз Республикасының Президенті С.Жээнбеков қабылдады.