Әлкей Марғұлан жайлы деректі фильм жарыққа шығады

Бүгiн, 10:40
213
Бөлісу:
Әлкей Марғұлан жайлы деректі фильм жарыққа шығады
Фото: gov.kz

Биыл қазақ археологиясының атасы Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл. Әдебиеттанушының құрметіне «Біздің заманымызға дейін» деректі фильмі жарыққа шығады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақ археологиясының негізін салған Әлкей Марғұланға арналған деректі фильмнің режиссері және сценарий авторы – Сапар Әуелбек. Режиссердің бас кеңесшілері Әлкей Марғұланның қызы, ғалым Дәнел Марғұлан мен Әлкей Марғұланның шәкірті, тарихшы, археолог Жұман Смаилов.

Әлкей Марғұлан туралы деректі фильм түсіретінімді бұрыннан білдім. 2023 жылы маған Әлкей Марғұланның шөбересі Едіге хабарласып, бір ұсыныс тастады. Археолог туралы ғалымдардан, туыстарынан, таныстарынан сұхбат алғанша, жолға шығып, оның зерттеген, көрген жерлерін түсіруді ұсындым. Едіге мені бірден қолдады. Осылайша, биыл түсілірімді бастап кеттік. Басты мақсатым – мемлекеттік арналардағы деректі кинолардан алыстап, басқа классикалық деректі фильмдерді көрсету және қосымша ретінде YouTube желісіндегі өзгеше форматты қолдану. Travel блогерлердің әдісін алып, киноларды олардың үлгісімен көрсеткім келеді. Фильмді көрерменге қызықты етіп жеткізу біз үшін өте маңызды. Алдағы уақытта жұмыстың нақты нәтижесін халық өзі береді, - дейді режиссер Сапар Әуелбек.

Түсірілімнің негізгі бөлігі Қазақстанның бірнеше өңірін қамтиды. Түсірілім тобы Әлкей Марғұланның шығармашылығын зерттеп, оның аяғы басқан жерлерге барады. Елді аралап, халық ауызында қалған тарих, дәстүр, әңгімелерді жинайды. Атап айтқанда, Алматыдан бастап, Қарағанды, Ұлытау аймақтарын зерттеп, Баянауыл, Жасыбайды жағалап, кейін Семей, Аягөз, Талдықорған маңайындағы ескерткіштерге соғып, еліміздің оңтүстігіндегі Бетпақдаладан асып, Сарайшыққа дейін жол жалғайды.

Қазақстан бойынша 15 мың км-ден астам жерді жүріп өтеді. Аталған туынды Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығынан» қолдауымен түсіріледі.

5 маусым басталған түсірілім жұмыстары 28 шілдеде аяқталады деп жоспарланған.

Өзгелердің жаңалығы