Алина Әділханова көркем гимнастикадан Олимпиадаға жолдама жеңіп алды

11 Маусым 2021, 01:50
1852
Бөлісу:
Алина Әділханова көркем гимнастикадан Олимпиадаға жолдама жеңіп алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Көркем гимнастикадан Ташкентте өтіп жатқан лицензиялық Азия чемпионатында қазақстандық Алина Әділханов чемпион атанып, Токио Олимпиадасына жолдама жеңіп алды, деп хабарлайды Olympic.kz.

Алина Әділханова көпсайыс қорытындысы бойынша 95.15 ұпай жинап, жеңіске жетті.  Екінші және үшінші орынды өзбекстандықтар Тахмина Икромова (92.90) мен Екатерина Фетисова (90.85) иеленген.

Қазақстан атынан сынға түскен тағы бір спортшымыз Адиля Тілекенова жетінші орынға табан тіреді.

Халықаралық гимнастика федерациясы лицензиялық Азия біріншілігін өткізуді соңғы сәтте шешіп, турнир 6 маусымда басталған болатын. Жарыс ережесі бойынша, тек жеңімпаз атанған спортшыға Олимпиада жолдамасы табысталады. Осылайша, сары құрлықтан Токио ойындарына берілетін жалғыз лицензияны Алина Әділханова еншілеп отыр.

Бұған дейін Алина жекелей сында өнер көрсетіп, доп және шығыршық жаттығуында күміс, ұршықпен жаттығуда алтын жүлде жеңіп алды.

Алина Әділханова 2001 жылы 26 қаңтарда дүниеге келген. 2018 жылғы Азия ойындарында командалық және жекелей сында алтын жүлдегер атанған.


Өзгелердің жаңалығы