Шымкентте 9-сынып оқушысы өз-өзіне қол салды. Жасөспірімнің өліміне мектептегі әлімжеттік себеп болуы мүмкін. Себебі, марқұм соңғы сәтінде телефонына бірнеше сыныптасының атын жазып кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.
Баласының қорада асылып тұрғанын ең әуелі анасы көрген. Есеңгіреген ана ұлының қазасына мектептегі әлімжеттік себеп болды деп отыр.
Әкесінің қайтыс болғанына 3 жыл болды. Мектепке барады, сенің әкең жоқ деп балалар кемсітеді. Бұл – бір. Диас деген бала темекімен қолына басқан. "Сен бізге ақша тауып бересіңдер, маған темекі әкеліп бересіңдер, менің айтқаныммен жүресіңдер. мен не айтамын, сонымен жүресіңдер" деп қорқытқан, – деді марқұмның анасы Жанерке Жүнісбекова.
Өмірінің соңғы сәтінде Өмірсерік Сұлтанбек телефонына жазба қалдырған. 14 жастағы бала төрт сыныптасының атын атап, "енді мені ұра алмайтын болдыңдар" деп жазған.
Айта кетейік, марқұм қаладағы №32 мектепте оқыған.
Өмірсеріктің соңғы хатында аталған 4 оқушы – оның сыныптастары. Мектеп әкімшілігі олардың бірі, тіпті полиция есебінде тұрғанын айтты. Бірақ, соған қарамастан, білім мекемесінің басшылығы оқу ордасындағы әлімжеттік пен ақша жинау дерегін жоққа шығарып отыр. Дегенмен қайғылы оқиға болған күні жолдастар арасында түсінбеушілік болғанын жеткізді.
Өкінішке қарай, жағдайды естіп отырмыз. Ол жерде төбелеспеген, тек қолын, иығын тигізген, ұрмаған, – деді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Райхан Төлеева.
Бүгінде қайғылы жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Қара жамылған отбасы баланың өліміне кінәлілер сотталып, мектеп әкімшілігі жауапқа тартылуын талап етіп отыр.