Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (9-0, 5 КО) 27 ақпанда Алматыда өтетін бокс кешіне қатыса алмайды, деп жазады Prosports.kz.
Бұл туралы боксшының командасы инстаграм желісіндегі парақшасында хабарлады.
Маңызды! Құрметті жанкүйерлер, өкінішке орай 27 ақпанда Алматыда өтетін бокс кешінде өнер көрсете алмайтын болдық. Жаттығу барысында Жәнібек жарақат алып қалды. Құдай қаласа барлығы дұрыс болса, көктемнің соңы жаздың басында QAZAQ STYLE-ды рингтен көретін боласыздар! Жеңісте қуанған сіздердің қиындықта да қолдайтындарыңызды білеміз!, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Жәнібек 2020 жылы жалғыз жекпе-жек өткізді. 9 қазанда Лас-Вегаста өткен бокс кешінде ол аргентиналық Гонсало Кориеяны (16-4, 6 КО) екінші раундта нокаутпен жеңген болатын.