Алимент төлемеген ақтөбелік бас бостандығынан айырылды

3 Мамыр 2024, 17:50
1046
Бөлісу:
Алимент төлемеген ақтөбелік бас бостандығынан айырылды
Фото: BAQ.KZ - Архив

Ақтөбе қаласында баласына ұзақ уақыт бойы алимент төлемеген әке бір жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе қалалық соты П. есімді қала тұрғынына 2021 жылдың қазан айында кәмелет жасқа толмаған баласы үшін тапқан табысының ¼ бөлігін беруді міндеттеген. Алайда қала тұрғыны ұзақ уақыт баласына алимент төлемеген. Оның қарызы 1 274 445 теңгеге жеткен. Осыны басшылыққа алған сот орындаушылар қарызы көбейген борышкерге соттың бұйрығын орындау міндетті екенін түсіндіріп, одан алимент төлеуді талап еткен.

Сот орындаушы Ақмарал Жалинованың айтуынша, борышкердің тіркелген жылжитын және жылжымайтын мүлкі жоқ, зейнетақы жарнасы да аударылмайды.

 Борышкер біздің қойған талабымызды орындамай, телефон нөмірін өзгертіп, қоңырауымызға жауап бермеді. Ол жұмыспен қамту орталығына жіберілген, алайда ұсынылған жұмыс орнынан бас тартқан. Ақырында Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл азаматтың дені сау, ешқандай тіркеуде тұрмайды, еңбек етуге мүмкіндігі келеді, алайда сот шешімін орындағысы келмейді, — дейді А. Жалинова.

Сот борышкерді Қылмыстық Кодекстің 139-бабында көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ борышкер жазасын өтеу кезінде 100 сағат қоғамдық орындарда мәжбүрлі жұмысқа тартылады.

Айта кету керек, биыл Ақтөбе облысында 125 баланың құқығы қорғалып, нәтижесінде борышкерлерден 131 миллион 298 мың 106 теңге көлемінде алимент өндірілді. Қазіргі таңда облыста алимент өндіру ісі бойынша жұмыс істейтін 100-ден астам жеке сот орындаушы бар.

Өзгелердің жаңалығы