Алимент төлемеген 300-ден астам павлодарлыққа іздеу салынды

12 Наурыз 2024, 14:25
1147
Бөлісу:
Алимент төлемеген 300-ден астам павлодарлыққа іздеу салынды
Фото: Polisia.kz

Павлодар облысында балаларына алимент төлеуден жалтарған 300-ден астам безбүйрек әкеге іздеу салынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ресми мәлімет бойынша бүгінгі таңда алимент өндіру бойынша 16 мыңнан астам құжат бар. Олардың тоғыз мыңға жуығы орындап келеді. Тағы жеті мыңнан астамы міндеттерін өз бетінше орындауда. Десе де, әкелік міндетінен бас тартып, жоғалып кеткен әкелер бар. Бүгінгі таңда 342 павлодарлық іздеуде. Олар 818 млн теңге қарыз.

Облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Айдын Саменқұловтың айтуынша, бұл бағыттағы жұмысқа жаңа механизмдер енгізілген.

Сот орындаушылары үш ай бойы алимент төлемеген азаматтарды жұмыспен қамту жәрмеңкелеріне қатыстырады. Осылайша, жұмыссыз жүрген ер-азаматтар екі қолға бір күрек табады. Нәтижесінде 42 әке жұмысқа орналасты. Ал өткен жылғы көрсеткіш – 231. Осындай шаралар айына бір рет ұйымдастырылады. Екі жыл бұрын өңірде алимент құжаттарын орындайтын арнайы топ құрылды. Сот орындаушылар тек алимент мәселелерімен айналысады. Мәжбүрлі жұмыстар да атқарылады, - дейді Айдын Саменқұлов.

Мәжбүрлеп орындау шараларына борышкерлердің банктік есепшоттарын бұғаттау және шет асуға уақытша шектеу жатады. Және құқықтық куәліктерді тоқтату жұмыстары да бар.

Тиімді жолдардың бірі – борышкерлерді әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту. Жыл басынан бері 39 әкеге айыппұл салынды. Қылмыстық жауапқа келетін болсақ, борышкерлерді бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру және 100 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту көзделген. Рейдтік шаралардың да тиімділігі бар. Оның аясында әкелердің жылжымайтын мүлкі тәркіленеді. Профилактикалық шаралар барысында 30 млн теңге өндірілді.

Өзгелердің жаңалығы