Еуропалық комиссия (ЕК) қытайлық Alibaba Group Holding компаниясына тиесілі AliExpress электрондық сауда платформасына қауіпті әрі контрафактілік өнімдерді сатқаны үшін 550 миллион еуро көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы Еуропалық комиссияның ресми хабарламасында айтылды.
Бұл – Еуропалық одақтың Цифрлық қызметтер туралы заңы (Digital Services Act, DSA) күшіне енгеннен бергі ең ірі айыппұл.
Еурокомиссияның мәліметінше, AliExpress платформасында заңсыз, қауіпті немесе контрафактілік тауарларды сату тәуекелдерін тиісінше бағалау және азайту жөніндегі талаптарды орындамаған.
Комиссияның хабарлауынша, компания заңсыз тауарларды анықтауға жеткілікті қызметкері бар-жоғын дұрыс бағаламаған. Сонымен қатар, мұндай өнімдерді анықтау және платформадан жою жүйесінің тиімділігін шамадан тыс жоғары бағалаған.
Бұдан бөлек, реттеуші AliExpress-тің ұсыным алгоритмдерінің заңсыз тауарлардың таралуына ықпалын да жеткілікті деңгейде бағаламағанын атап өтті. Соның салдарынан мұндай өнімдердің бірқатары платформадан жойылғанға дейін пайдаланушыларға ұсынылып, жарнамаланған.
Еуропалық комиссия AliExpress-ке қатысты тергеуді 2024 жылы бастаған болатын. Оның қорытындысы бойынша компания анықталған заңбұзушылықтарды жоюға міндеттелді.
AliExpress 20 қазанға дейін Еурокомиссияға заң талаптарына сәйкестікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарын ұсынуы тиіс.
Өз кезегінде компания Еурокомиссияның шешімімен және салынған айыппұл көлемімен келіспейтінін мәлімдеді. AliExpress қазіргі таңда еуропалық реттеушінің шешімін зерделеп, алдағы құқықтық қадамдарды қарастырып жатқанын хабарлады.