Алғыс айту күні ел бірлігін нығайтатын мереке – Аида Балаева

Биыл 1 наурыз – Алғыс айту күні ресми түрде белгіленгеніне 10 жыл толып отыр.

 ©BAQ.KZ/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 09:40
Бүгiн 2026, 09:40
175
Фото: ©BAQ.KZ/Артем Чурсинов

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Көктеммен бірге келетін бұл шуақты күн – халқымыздың татулығы мен тұтастығын айқындайтын айрықша мереке. Тағылымы терең, мазмұны мәнді мереке бізді мейірім мен өзара құрметке, ізгілік пен шынайы сыйластыққа үндейді. Ел игілігі үшін аянбай тер төгіп, қастерлі отанымыздың гүлденуіне үлес қосып келе жатқан әр азаматтың еңбегі ерен, қызметі бағалы. Туған жерге деген шексіз сүйіспеншілік сындарлы сәттер мен қиын кезеңдерді еңсеруге күш беріп, болашаққа сеніммен қарауға жол ашты. Бүгінде ұлтына, дініне, тіліне қарамастан, баршамызды бір тағдыр, бір мақсат – елдің өркендеуі жолындағы ортақ мұрат біріктіреді, - деп атап өтті вице-премьер.

Сонымен қатар ол бұл күні біз еліміздің кемел келешегі жолында аянбай еңбек етіп, кәсіби әрі азаматтық борышын абыроймен атқарып жүрген барша отандастарымызға айрықша алғыс айтты.

Бүгінде еліміз ортақ болашағымызды баянды ету жолында жаңғыру мен жүйелі өзгерістер кезеңіне қадам басты. Жаңа Ата заң еліміздің дамуына тың серпін беріп, мемлекетіміздің мызғымас құндылықтарын, яғни азаматтардың әл-ауқаты, бірлік, ынтымақтастық, ұлтаралық және конфессияаралық келісім, әділдік пен жауапкершілік сияқты құндылықтарды нығайтуға мүмкіндік береді. Барша қазақстандықтарға зор денсаулық, толайым табыс пен жарқын жетістіктер тілеймін. Алғыс айту күні бізді жақсы істер мен ізгі мақсаттарға жетелесін! Шаңырақтарыңыз шаттыққа, ырыс-берекеге толсын, - деді Аида Балаева.

Наверх