ПІБ МО ауруханасының Кәсіптік білім беру орталығы алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын оқытады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Дүниежүзілік алғашқы медициналық көмек көрсету күні қарсаңында ҚР ПІБ МО ауруханасының Жедел медициналық жәрдем бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Айгүл Көшербаева алғашқы медициналық көмек көрсетудің маңызы мен асқан жауапкершілігі және бүгінде әрбір азамат жедел жәрдем келгенге дейін алғашқы көмек көрсетуді үйренуге болатын мүмкіндіктер жайлы сұхбат берді.
– Алғашқы медициналық көмекті кімдер және қандай жағдайда көрсете алады?
– Алғашқы медициналық көмекті тек қана жедел жәрдем дәрігерлері көрсете алады деген түсінік бүгінде көнеріп қалғанын айтуға болады. Себебі полиция қызметкерлері, төтенше жағдай қызметкерлері, өрт сөндірушілермен қатар, кез келген ерікті азамат оқиға болған орында алғашқы көмек көрсете алады. Ол оқыс жағдай болсын, суға бату, сыртқы жарақат және жүрек ұстамасы сияқты түрлі айтып келмейтін оқиға болуы мүмкін. Дәрігер келгенше өзіне және отбасына, сыртта жүргенде айналасындағы адамдарға уақытында әрі дұрыс көмек көрсете білу құнды қабілет деп айтуға болады. Бұл үшін әрине білім керек.
– Ол білімді қайдан алуға болады?
– Бүгінде медициналық білімі жоқ азаматтарға да төтенше жағдайда көмек беруді және тәжірибелік дағдыларды үйрететін арнайы оқу орталықтары жұмыс істейді. Соның бірі ретінде ҚР ПІБ МО ауруханасының базасындағы Кәсіптік білім беру орталығын атауға болады. Яғни орталықта жедел көмек көрсету дағдыларына оқыту (BLS курс), жүрек-өкпе реанимациясының кеңейтілген курсы (ACLS курс) және «Жедел көмек көрсету тактикасы. Негізгі реанимациялық іс-шаралар (BLS/AED)» бағдарламасы бойынша барлық ниетті жандарға оқыту жүргізіледі. Оқуды Еуропалық реаниматологтердің кеңесімен сертификатталған тәжірибелі инструкторлар өткізеді. Олардың ішінде Жедел медициналық жәрдем бөлімшесінің дәрігерлері Нұрлан Беков пен Александр Глуговский дәріс жүргізетінін мақтанышпен айта аламын. Жедел медициналық жәрдем көрсету бригадасы келгенге дейін жедел жағдайда қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, уақытылы көмек көрсетудің және өмірді құтқарудың қажетті шараларын меңгеру үшін Аурухананың Кәсіптік білім беру орталығына хабарласуға болады. Қосымша ақпарат қажет болса, телефон нөмірін де айтып өтейін (8 7172 70-79-52), себебі әр адам алғашқы медициналық көмек көрсетуде біліммен қаруланғаны абзал.
– Жедел медициналық жәрдем бөлімшесінде жұмыс істегендіктен, уақыт пен шапшаңдықтың маңыздылығын жақсы білесіз ғой. Алғашқы медициналық көмек көрсетуде тағы қандай қағидалар бар?
– Оқыс оқиғаның куәгері болған жағдайда қарапайым адамға да әр секундтың бағалы екенін түсіну маңызды. Дегенмен асығыстыққа салынып, абдырап қалудан сақтану керек. Тез әрі оңды шешім қабылдай білу қажет. Дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсетудің басты ережесі – зардап шегушіге, өзіне және айналасындағыларға зиян келтірмеу. Оның міндеті – жарақаттың, қан кетудің, инфекциялардың және шоктың қауіпті салдарының алдын алу. Алғашқы көмек көрсетудегі алгоритмді сақтау мен зардап шегушінің жағдайын бақылауды ұмытпаған жөн.
– Алғашқы көмек көрсететін адам алдымен қандай ақпараттарды білуі тиіс?
– Көмек көрсетуге ниетті кісі адам ағзасының өмірлік маңызды функцияларының бұзылуындағы негізгі белгілерді, алғашқы көмек көрсетудің жалпы принциптерін, зардап шеккендерді тасымалдаудың және эвакуациялаудың негізгі әдістерін білуі маңызды.
– Дүниежүзілік алғашқы медициналық көмек көрсету күніне біздің елде қаншалықты көңіл бөлінеді?
– Күнтізбедегі бұл айтулы күн қателеспесем 2000 жылдардан бері атап өтіледі. Оған Қызыл крест пен Қызыл жарты ай халықаралық қозғалысы сияқты ұлттық ұйымдар бастамашы болған. Қазақстан да дүниежүзілік алғашқы медициналық көмек көрсету күнін елеусіз қалдырмайды. Есінен тану, тыныс алу және қан айналымның кенеттен тоқтап қалуы, сыртқы қан кету, күйік, жоғары температура, жылу сәулеленуінің әсері, үсік шалу және улану сияқты тосын жағдайларда құтқарушыларды халық арасынан таба білуге дайындау, оқыту, үйрету шараларының көбейіп келе жатқаны соның айғағы.