Астана, baq.kz. 2018 жылдың 12 айындағы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының жасаған төлемі 189,6 млрд теңгені құрады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жүктілік пен босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға жұмсалған қаржы 69 млрд теңгеге жетсе, баланың бір жасқа толуына байланысты күтіміне 96 млрд теңге қарастырылып, еңбекке жарамсыздыққа қатысты 12,3 млрд теңге, асыраушысынан айырылу бойынша 8,7 млрд теңге, жұмыссыз қалу жөнінен 3,6 млрд теңге шығындалған.
Аталған Қордан жүктілік пен босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға жасалған орташа 391 170 теңге төлемді 188,1 мың қазақстандық алды.
Бір жасқа толуға байланысты бала күтіміне қажет 32 361 теңге әлеуметтік төлем 429,1 мың азаматқа берілді.
Жұмыссыз қалу жөнінен 47,6 мың адамға бөлінген әлеуметтік төлемнің орташа көлемі 24 816 теңгені межеледі.
Асыраушысынан айырылу бойынша 45 мыңнан астам қазақстандыққа төленген сома көлемі орташа алғанда 16 797 теңге болды. Сонымен қатар, еңбекке жарамсыздыққа қатысты 83,1 мың азаматты қамтамасыз еткен әлеуметтік төлемнің орташа көлемі 14 195 теңгені көрсетті.
Еске сала кетсек, елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру, халықтың жұмысшы табын әлеуметтік қорғаудың қосымша тетігі ретінде енгізілді.