Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, заңға құрмет және адал еңбек – әділетті қоғам қалыптастырудың маңызды шарттары. Боксшы Сәкен Бибосынов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда орнықтыру жөніндегі ұстанымын қолдап, бұл құндылықтардың спорт саласы үшін де маңызы зор екенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, спорттағы жетістік тек физикалық дайындық пен кәсіби шеберлікке ғана емес, тәртіп пен әділ бәсекеге де байланысты. Жарыста ережені бұзып, әділетсіз жолмен жеңіске жету спорттың негізгі қағидаттарына қайшы.
Спортта жеңіске жету үшін тек физикалық дайындық пен кәсіби шеберлік жеткіліксіз. Спортшыдан тәртіп, табандылық, әділ бәсеке және қарсыласқа деген құрмет талап етіледі. Өйткені нағыз жеңіс – маңдай термен келген нәтиже, – дейді Сәкен Бибосынов.
Боксшының пікірінше, Мемлекет басшысы көтерген «Ешкім де заңнан жоғары тұра алмайды» деген ұстаным спорт саласында да толық сақталуы тиіс. Қандай лауазым иесі немесе атақты спортшы болса да, барлығы заң мен тәртіпке бағынуы керек.
Ол спорт инфрақұрылымын дамытуда ашықтық пен әділдікке басымдық беру қажеттігін де атап өтті. Атап айтқанда, спорт нысандарын салуға бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуы, мемлекеттік қолдаудың әділ бөлінуі және спортшыларға тең мүмкіндік берілуі саланың дамуына тікелей әсер етеді.
Менің ойымша, Президент көтерген «Ешкім де заңнан жоғары тұра алмайды» деген ұстаным спорт саласында да толық сақталуы тиіс. Спорт нысандарын салуға бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуы, мемлекеттік қолдаудың әділ бөлінуі, спортшыларға тең мүмкіндік берілуі – саланың дамуына тікелей әсер ететін маңызды мәселелер, – деп атап өтті ол.
Сонымен қатар Сәкен Бибосынов «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының тәрбиелік мәніне тоқталды. Оның сөзінше, тазалық тек қоршаған ортаны қорғаумен шектелмейді, ол адамның ойынан, ниеті мен күнделікті әрекетінен де көрінуі керек.
Спортшы үшін бұл – жаттығуда тәртіп сақтау, жарыста адал бәсекелесу, қоғам алдында жауапкершілікті сезіну және жастарға үлгі болу, – дейді боксшы.
Ол жас спортшылар тек чемпион атануды ғана емес, нағыз азамат болуды да мақсат етуі керектігін айтты. Себебі спорттағы жетістік уақытша болуы мүмкін, ал адалдық пен адамгершілік адамды өмір бойы биік ұстайтын қасиеттер.
Нағыз чемпион – тек жарыста жеңген адам емес, өмірде де әділдік пен адалдықты ту еткен азамат! – деп түйіндеді Сәкен Бибосынов.