Конституциялық реформаны қоғамдық қабылдауда азаматтар күнделікті өміріне, әлеуметтік қорғалуына және мемлекеттік басқару сапасына тікелей әсер ететін нормаларға көбірек назар аударады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) Өңірлермен жұмыс бөлімінің басшысы Әмина Үрпекова «Қазақстанның жаңа конституциялық моделі: орнықты әрі заманауи мемлекет жолында» атты халықаралық сарапшылар дөңгелек үстелінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараны ҚСЗИ мен Maqsut Narikbayev University (MNU) бірлесіп ұйымдастырды.
Сарапшының айтуынша, конституциялық реформаны қоғамдық қабылдау динамикасы 2026 жылғы қаңтардан наурыз айының басына дейін жүргізілген бірнеше ұлттық әлеуметтік зерттеулер нәтижелерінен айқын көрінеді.
Ә. Үрпекова атап өткендей, қоғамдық талқылаудың бастапқы кезеңінде азаматтардың назары ең алдымен институционалдық жаңалықтарға ауды, өйткені олар қоғамдық күн тәртібіндегі ең көзге көрінетін өзгерістер болды. Мұндай өзгерістер қатарында бір палаталы парламентке көшу, вице-президент лауазымын енгізу және Халық қеңесін құру жиі аталды.
Референдум жақындаған сайын қоғамның назары біртіндеп азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктеріне тікелей қатысты Конституция нормаларына ауысты.
Талқылаудың соңғы кезеңінде қоғамда модернизация басымдықтарын әлеуметтік маңызы бар мәселелермен ұштастыратын нормаларға ерекше қызығушылық артты. Оларға қоршаған ортаны қорғау, білім мен ғылымды дамыту, цифрлық ортада жеке деректерді қорғау және әлеуметтік кепілдіктерді нығайтуға қатысты нормалар жатады.
Азаматтар күнделікті өмір үшін практикалық маңызы бар деп қабылданатын реформаның ережелеріне әлдеқайда көбірек көңіл бөледі, – деп атап өтті Ә. Үрпекова.
Сарапшы сондай-ақ әлеуметтік зерттеулер Конституция жобасына қоғамдық қолдаудың тұрақты жоғары деңгейін көрсететінін айтты. Әртүрлі сауалнамалар деректеріне сәйкес, реформаны қолдау деңгейі респонденттер арасында шамамен 90% деңгейінде болған.
Әдіснамасы мен іріктеме көлеміндегі айырмашылықтарға қарамастан, барлық зерттеулер қоғамдық көңіл-күйдің ұқсас динамикасын көрсетеді.
Сонымен қатар қоғамдық талқылау мен түсіндіру жұмыстары референдум қарсаңында Конституция жобасына тұрақты жоғары қолдау деңгейінің қалыптасуына ықпал етті, – деді сарапшы.
Сауалнама деректеріне сәйкес, респонденттердің басым бөлігі реформалардың олардың өмірі мен әл-ауқатына оң әсер ететінін күтеді. Ал референдумға қатысуға дайындық деңгейі 71–75% шамасында болды, бұл елдің болашақ конституциялық моделін талқылау төңірегінде қоғамдық жұмылдырудың жоғары деңгейін көрсетеді.