Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов қызметінен босатылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ақпаратты Үкіметтің баспасөз қызметі таратты.
Үкімет қаулысымен Ақмәди Әділұлы Сарбасов басқа жұмысқа ауысуына байланысты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі қызметінен босатылды, - деп жазылған ресми хабарламада.
Ақмәди Сарбасов бұл қызметке 2020 жылғы маусымда кірісті.
Ақмәди Сарбасов туралы не белгілі?
1977 жылы Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданында дүниеге келген. 1999 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін саясаттану мамандығы бойынша бітірген. 2001 жылы Еуразия гуманитарлық университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1994 жылы бастаған. Әр жылдары Әділет министрлігінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрылымдарында жұмыс істеді. 2017 жылдан 2019 жылғы сәуірге дейін еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы - бас мемлекеттік еңбек инспекторы болды.
2019 жылғы сәуірден 2020 жылға дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болып жұмыс істеді.