Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 885 мыңнан астам мүгедектігі бар адам қызмет алды

Бүгiн, 20:07
107
Бөлісу:
Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 885 мыңнан астам мүгедектігі бар адам қызмет алды
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

2024 жылдың басынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы шамамен 770,7 мың мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын, 8,6 мың – ымдау тілі қызметін, 26,6 мың – жеке көмекшінің, 80 мың – санаторийлік-курорттық емдеу қызметін алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады.

Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.

Бүгінгі күні Порталда 900 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталық (бөлімшелер), 794 ОТҚ жеткізуші, 30 мыңнан астам жеке көмекші, 760 ымдау тілі және 122 санаторлық-курорттық емдеу қызметтерін ұсынушы тіркелген.

«Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде қарастырылған.

Бұған дейін хабарланғандай, ҚР Әлеуметтік кодексін іске асыру шеңберінде жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған Портал жөніндегі комиссияларға жаңа өкілеттіктер берілген: мүгедектігі бар адамдардың сапасыз тауар немесе қызмет туралы өтінішін 5 күн ішінде қабылдау және қарау; өнім берушіге хат жолдау және оның орындалуын бақылау; өнім берушіні Порталдан шығару және жосықсыз өнім берушілер тізіміне енгізу туралы шешім қабылдау.

Порталды пайдалану бойынша консультацияларды қолдау байланыс орталығынан, яғни 1414 бірыңғай нөмірі арқылы хабарласуға болады.

Өзгелердің жаңалығы