Жетісудың орталығы – Талдықорған қаласында Әлімжанова көшесіндегі 40 пәтерлік тұрғын үй кілті мүмкіндігі шектеулі жандар мен әлеуметтік осал топ өкілдеріне табысталды, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Салтанатты шараға облыс әкімі Бейбіт Исабаев арнайы келіп, тұрғындарды қоныс тойымен құттықтады. Бүгінде өңірде 15 674 адам пәтер кезегінде тұр. Оның ішінде 6993 адам халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жатады. Бүгін пәтерлі болған тұрғындардың дені әлеуметтік осал топ өкілдері, Айналайын балалар үйінің тәрбиеленушілері және көп балалы ата-аналар.
Құрметті ағайын, бұл баспана былтыр берілу керек еді, біраз кешігіп қалдық. Әйтсе де қуаныштың ерте-кеші жоқ. Мемлекет басшысы алдымен халықтың тұрмыс-жағдайын, өмір сапасын жақсартуды басты мақсаты етіп отыр. Өмір сапасын жақсарту дегенмізі әуелі баспанамен қамтамасыз етуден басталады. Оған қоса заман талабына сай мектеп, балабақша тұрғызу жатады. Жасыратыны жоқ, кейінгі кезде Талдықорғанда тұрғын үй мәселесі шиеленісіп кетті. Тұрғын кезегінің заңдылығы бұзылды. Мыңға жуық тұрғын заңсыз үй алғаны мәлім болды. Бүгінде 500-ін қайтып алдық, қалғанымен сот айналысып жатыр. Бармақ басты, көз қысты әрекет болмау үшін қазір электронды кезек жүйесін ұйымдастырдық, - деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.
Оның айтуынша, жыл соңына дейін 2 мыңға жуық тұрғынға баспана кілті табысталады. Қазір кезекте 15 мың адам тұр, сол оны 6-7 мыңға түсіруді көздеп отырмыз. Осындай 51 пәтер салынып жатыр. Оның 42 -сі бюджеттен болса, қалғаны меценаттардың қаржысына тұрғызылады.
Әлімжанов көшесінің бойындағы осы екі үйден бөлек 9-шағын ауданда 170 пәтерлік тағы 5 үй салынса да, абаттандыру жұмыстары аяқталмаған. Ағымдағы жылдың мамыр айында абаттандыру және инженерлік желілер бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған соң қоныстандыру жоспарлануда.
Қасиетті жұма күні осындай қуанышқа кеңеліп отырмыз. Бұл баспананы біз көптен күттік. Мемлекет басшысының халықтың әлеуетін көтеруге тырысқан осындай бағдарламалары көңіл марқайтады. Қуанышымызда шек жоқ. Енді өз үйімізде еркін өмір сүретін болдық. Мерекемен қатар келген қуанышымыз бен бақытты сәтіміз еселеніп отыр. Барлығыңызға рақмет!, - деді пәтер иесі Меруерт Нұрланқызы.
Айта кетейік, 2023 жылдың маусым айында 9 шағын аудандағы 35 тұрғын үй үлестіруге дайын болады. Бұл үйлерді қоныстандыру ағымдағы жылдың маусым айында инженерлік желілер мен абаттандыру жұмыстары аяқталғаннан кейін жоспарланған. Сонымен қатар, әлеуметтік жауапкершілік аясында меценат «Демеу Констракшн» ЖШС 8 шағын ауданда 60 пәтерлі 1 тұрғын үй салып, таратуға дайын. Сондай-ақ, меценаттар «Евротранзит Терминал» ЖШС, «KazEnrichment» ЖШС құрылыс жұмыстары биыл аяқталып, 60 пәтерлік 2 тұрғын үй салуда.
2023 жылы жеке құрылыс салушылар 20 мың м2 (215 пәтер) үшін 6 МРР пайдалануға беруді жоспарлап отыр. «Гаку құрылыс» ЖШС 7 қабатты бір үй, «Шымыр» ЖШС 5 қабатты екі және «Алғырстрой» ЖШС 5 қабатты үш тұрғын үй салуда. 1 м2 сату құны 280-350 мың теңге аралығында. Салынған баспана «Нұрлы жер» және «Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламалары аясында сатылады.