Бағасы әуелеген "әлеуметтік нан"

23 Қазан 2019, 21:03
2628
Бөлісу:
Бағасы әуелеген "әлеуметтік нан"
Серіктестік материал

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Монополияға қарсы қызмет «әлеуметтік нан» бағасын негізсіз көтерген нан өндірушілерге 22 хабарлама жіберіп, ескерту жасаған. Бұл жайында Қазақ радиосының Жаңалықтар қызметіне Ұлттық экономика министрлігінің Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті төрағасының орынбасары Асқар Жаппарқұлов айтты. 

Оның атап өтуінше, бизнес субъектілері бағаны өзара келісіп алған. Ескертуден нәтиже шығармаған жағдайда оларға қатысты тексеріс басталады. 

"Бизнес субъектілеріне 22 хабарлама жолдап, ескерту жасадық. Оның 15-і Павлодар облысына, 5-уі Ақмола өңіріне, қалған 2-уі Түркістан аймағына тиесілі. Ескерту хабарламасы "Бәсекелестік туралы" заңға қайшы әрекеттер жасаған бизнес субъектілеріне жолданады. Егер субъект ескертуді қаперіне алып, талапты орындаса тексеріс жүргізілмейді. Ал сол қалпында болатын болса, онда іс тексеру шараларымен жалғасады", - дейді Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті төрағасының орынбасары Асқар Жаппарқұлов. 

Нан бағасына әсер ететін басты фактор – шикізат, яғни ұн. Ал биыл диқандарымыз қамбаға 19 млн тонна астық құйған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2 миллионға аз. Бұл жазда болған астықты аймақтардағы қуаңшылыққа байланысты. Қазіргі уақытта нан бағасының қымбаттауына жол бермес үшін азық-түлік корпорациясы мен облыстық әкімдіктер өңірлік тұрақтандыру қорларына бидай мен ұн сатып алып жатыр. Бұл мәселеге бірер күн бұрын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та араласып, үкімет пен тиісті органдарға нан, көмір бағасын бақылауға алу туралы тапсырма жүктеген. Ауыл шаруашылығы министрлігі нан бағасын қымбаттатпаймыз деп сендірді. 

"Әлеуметтік нан" бағасы көтерілмейді... Қазіргі уақытта Азық-түлік келісімшарт корпорациясында 303 мың тонна астық бар және сатып алу жалғасуда. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында өңірлерде азық-түлік тауарларының, соның ішінде бірінші сұрыпты ұнның қорларын қалыптастыру жүргізіліп жатыр. Қазіргі кезде өңірлік тұрақтандыру қорларында 8,5 мың тонна ұн сақталуда және оған қосымша сатып алу жүргізілуде",- дейді Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Жанжігіт Омархан.

Естеріңізге салайық, өткен апта басында «әлеуметтік нан» бағасы Павлодарда 85-тен 105 теңгеге қымбаттады деген ақпар тарады. Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпарға сүйенсек, бүгінде ең арзан нан Солтүстік Қазақстан өңірінде. Аталған облыста "әлеуметтік нанның" орташа бағасы 63,25 теңге. Ал ас атасы ең қымбат саудаланатын облыс - Маңғыстау. Бұл аймақта орташа баға 90 теңге шамасында. Дүкен сөрелерінде "әлеуметтік нан" Нұр-Сұлтан қаласында 79,2, Алматыда 73,15, Шымкентте 75,35, Ақтөбе облысында 77, Атырау облысында 78,65, Ақмола облысында 84,15, Қарағанды облысында 75,35, Қостанай облысында 76, 45, Қызылорда облысында 75,35, Батыс Қазақстан облысында 80,85, Шығыс Қазақстан облысында 78,65, Павлодар облысында 80,85, Солтүстік Қазақстан облысында 63,25, Алматы облысында 77,55, Жамбыл облысында 65, 45, Түркістан облысында 79,75 теңгеге сатылып жатыр. 

"Әлеуметтік нан" деп аталатын бірінші сұрыптағы бидай ұнынан жасалған 550 граммдық нанның республикалық орташа бағасы бүгінде бір бөлке үшін 76,5 теңге.  

Өзгелердің жаңалығы