Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Үкімет отырысында айтты.
Енді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларына келсек, олар жыл басынан бері 10,3%-ға өсті. Маусымаралық кезеңде бағаның өсуі байқалатын көкөністер, импортқа тәуелді өнімдер, сондай-ақ жоғары экспорттық сұранысы бар тауарлар ең жоғары өсім көрсетті, - деді ол.
Министр атағандай, өңірлердегі қалыптасқан жағдай бойынша, ең жоғарғы өсім 12,0% – Түркістан облысында, 11,6% – Нұр-Сұлтан қаласында және 11,4% – Қарағанды облысында тіркелді.
Дегенмен сәуір айынан байқалған бағалардың өсімі тұрақтанып, ал тренді төмендеуге бұрылғанын көріп отырмыз.Мәселен, картоп бағасының маусымдық өсуі сәуір-маусым аралығында белгіленді. Бұдан әрі, оңтүстік аймақтардағы ерте пісетін картоптың түсімі ұлғайған сайын, өнімнің бағасы төмендеді. Ең жоғары өсу сәтінен бастап, бағалар 26%-ке немесе 54 теңгеге түсті, - деді ол.
Оның айтуынша, тамыз және қыркүйек айларында солтүстік аймақтарда өнімнің жаппай жиналуы күтілуде, бұл ішкі нарықты картоппен қанықтырады және бағаның одан әрі төмендеуін ынталандырады.