Елімізде әлеуметтік кәсіпкерлер тізілімі жасақталады

1 Қараша 2019, 21:07
1985
Бөлісу:
Елімізде әлеуметтік кәсіпкерлер тізілімі жасақталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мақсатында әлеуметтік кәсіпкерлер тізілімін әзірлеу жоспарлануда.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған тізілімді құру Қазақстан Республикасында әлеуметтік кәсіпкерліктің даму деңгейін бағалауға және одан әрі елдегі әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту картасын әзірлеуге, тұтастай алғанда үкіметтік емес сектор мен кәсіпкерліктің қызметін жандандыруға, сондай-ақ ел бойынша деректерді жүйелеуге мүмкіндік береді. 

Аталған бастама Қазақстан Республикасының президенті Қ.К. Тоқаевтың "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру аясында өзекті болып табылады.

"Қазіргі уақытта әлеуметтік кәсіпкерлерді тіркеу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Тізілім үкіметтік емес ұйымдар мен коммерциялық ұйымдар арасында ҚР азаматтарына қызмет көрсететін әлеуметтік кәсіпкерлерді сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Әлеуметтік кәсіпкерлердің (ӘК) әдеттегі ҮЕҰ-дан немесе бизнестен негізгі айырмашылығы ӘК негізінде әлеуметтік миссия жатыр. Оған қол жеткізу үшін, сондай-ақ ұйымның тұрақтылығын сақтау үшін бизнес тәсіл мен коммерциялық қызметтен түсетін табыс пайдаланылады", - делінген ведомствоның хабарламасында. 

Қазір әлеуметтік кәсіпкерлердің өз ұйымын тізілімге енгізуге мүмкіндігі бар. Бұл үшін парақшасы арқылы сауалнамадан өтуге және сілтеме бойынша тіркелуге  болады.

Тізілімді әзірлеу Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" КЕАҚ және Act for Impact (Impact Hub Almaty) Корпоративтік қорымен бірлесіп бастамашылық еткен Ózgerіs ustasy әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі үшін республикалық сыйлық беру ауқымды жобасының бөлігі болып табылады  

Өзгелердің жаңалығы