Әлеуметтік азық-түлік бағасын тұрақтандыру: 164 тиімсіз делдал нарықтан шығарылды

Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсу қарқыны өткен кезеңмен салыстырғанда 4,6%-ға баяулаған.

 BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев 7 Тамыз 2026, 06:35
7 Тамыз 2026, 06:35
182
Фото: BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысын шығарды. Алқа мәжілісінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары мен өңірлік департаменттердің жұмысы талқыланды.

Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсу қарқыны өткен кезеңмен салыстырғанда 4,6%-ға баяулаған. Бұл көрсеткіш мемлекеттік бақылауды күшейту, тауарлар тізбесін кеңейту және отандық өндірушілерді қолдау шараларының арқасында мүмкін болды.

Жарты жыл ішінде 3 907 әкімшілік іс тіркелді. Оның ішінде 2 391 жағдай рұқсат етілген сауда үстемесін асыруға қатысты. Өңірлік комиссиялар 2 322 заңбұзушылықты анықтап, жеткізу тізбегінен 164 тиімсіз делдалды шығарды.

Сонымен қатар, заңсыз әкелінген 46,5 мыңнан астам жұмыртқа тәркіленіп, 31 тауар түріне баға мониторингі енгізілді. Апта сайын 132 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, сауда базарларын жаңғырту жұмыстары жалғасуда.

Дегенмен, маусым айының қорытындысы бойынша бірқатар өңірлерде бағаны бақылау жұмыстарының әлсірегені байқалған. Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарының жұмысы сынға алынды. Атырау облысында жарты жыл ішінде небәрі 12 заңбұзушылық анықталса, Абай, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Астана қаласында жыл басынан бері бірде-бір тиімсіз делдал нарықтан шығарылмаған.

Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жаутықбаев бақылау жұмыстарының нәтижелілігін күшейтуді талап етті.

«Есеп үшін өткізілетін жиындардың бізге қажеті жоқ. Нақты нәтиже керек – заң бұзушылықтарды анықтау, тиімсіз делдалдарды нарықтан шығару және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу басты міндет болып қала береді», – деді ол.

Алқа мәжілісінің қорытындысы бойынша 2026 жылдың соңына дейін сауда базарларын жаңғырту жұмыстарын аяқтау тапсырылды. Екінші жартыжылдықтағы негізгі басымдықтар – баға тұрақтылығын сақтау, шағын жәрмеңкелерді дамыту және цифрлық азық-түлік ваучерлері жобасын іске асыру.

Наверх