Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің қатысуымен Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығының Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Бұл туралы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы хабарлады.
Елорда кәсіподақтарының жұмыс қорытындысын тыңдаған ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин олардың қызметіне оң бағасын беріп, еңбек адамының мүддесін ілгерілетуде бірлікке шақырды.
Сатыбалды Дәулеталин республикалық үшжақты комиссияның отырысында айтылған Кәсіподақтар федерациясының бастамаларына кеңінен тоқталды.
ҚРКФ төрағасы, ең алдымен, еңбекақы жүйесі мәселесін шешудің маңыздылығын атап өтіп, федерация ең төменгі жалақыны анықтау және арттыру шараларын ұсынғанын жеткізді.
Әлемдік тәжірибеде ең төменгі жалақы орташа айлық жалақының 50% деңгейінде болуы керек деп қабылданған, бұл өз кезегінде Қазақстанды қарастырғанда, шамамен 125 мың теңгені құрайды немесе ағымдағы жылдың басынан белгіленген ең төменгі еңбекақы мөлшерінен 2 есе көп. Сондай-ақ бірқатар елде ең төменгі жалақыны анықтау үшін «ең төменгі тұтыну бюджеті» деп аталатын есептік шама қолданылады, – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Сондай-ақ ҚРКФ басшысы ең төменгі жалақыны арттыру, азық-түлік себетін есептеу әдістемесін қайта қарау, жалақыны индекстеу, еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақы тағайындау тәртібін қайта қарау, жалақыдағы айырмашылықты жоюға қатысты бастамалар туралы баяндады.
Оның айтуынша, әлеуметтік әріптестіктердің қарауына жұмыс берушінің актілерін жұмыскерлер өкілдерімен келісу тәртібін заңнамалық тұрғыдан енгізу мәселесі шығарылды.
ҚРКФ ұсыныстарының бірі жұмыс берушінің міндетті еңбек консультацияларын өткізу нормасын заңнамалық реттеуге қатысты.
Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, еңбек консультациялары ұйымдардағы еңбек қатынастарының өзекті мәселелерін ашық шешуге мүмкіндік береді.
Алға қойылған мақсаттарды ойдағыдай жүзеге асырудың басты шарты, ҚРКФ төрағасы атап өткендей, әр кәсіподақ мүшесінің ортақтастығы.
2022 жылы бізге әлеуметтік әріптестіктің нақты жұмыс істейтін жүйесін құру бойынша көп жұмыс атқару керек. Біз бірлесе әрекет етіп, жұмыскерлер мен олардың отбасыларының әл-ауқатын жақсартуға бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. Бастауыш кәсіподақ ұйымдары өз мүмкіндіктеріне сенімді болуы және Кәсіподақтар федерациясының қолдауына ие екенін білуі керек, – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.