Әлеуметтік әріптестікті дамыту және еңбек қатынастарын реттеу мәселелері қаралды

16 Шілде 2021, 20:00
2601
Бөлісу:
Әлеуметтік әріптестікті дамыту және еңбек қатынастарын реттеу мәселелері қаралды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысы өтті.

Орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысқан іс-шара барысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссиялардың жұмысын күшейтуге, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау бойынша кәсіподақтар қабылдайтын шараларға, мұнай сервистік ұйымдар жұмыскерлерінің жалақысын біріздендіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмысқа қатысты мәселелер қаралды.

Бірінші мәселе бойынша отырысқа қатысушыларды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов хабардар етті. Өз сөзінде ҚР Еңбекминінің басшысы ағымдағы жылғы 12 наурызда Үкімет, жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісімге қол қойылғанын, онда Тараптар ұжымдық еңбек дауларының алдын алуға бағытталған міндеттемелерді қабылдағанын еске салды.

Ағымдағы жылдың басынан бастап әлеуметтік әріптестік жөніндегі өңірлік комиссиялардың 128 облыстық (қалалық) және 594 аудандық отырыстары өткізілді, оларда тәуекелді кәсіпорындар қаралды.

Сонымен бірге, үшжақты келісімдер жасасуға және үшжақты комиссиялардың жұмысына ресми көзқарас қалыптасқан, олар тек ұсыныстармен ғана шектеледі, бұл кейіннен қақтығыстардың пайда болуына, жұмыскерлердің наразылығына және басқа да салдарға әкеледі. Жұмыс берушілер бірлестіктері мен кәсіподақтардың жұмысына қатысты проблемалар бар. Іс жүзінде олар жағдайды білмейді және сындарлы диалог жүргізу қажеттілігін түсіндіру бойынша жұмыскерлермен және кәсіпорын әкімшілігімен жұмыс жүргізбейді, – деп атап өтті министр.

Ол сондай-ақ Еңбек кодексінің нормаларына сәйкес Тараптар ұжымдық шарттар жасасу арқылы еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған қосымша кепілдіктер мен жеңілдіктерді қарастыруға құқылы екенін атап өтті. Бүгінгі күні барлығы 148 мың ұжымдық шарт жасалды, оның ішінде кәсіпорындар бойынша қамту 47,6% - ды құрайды. Шымкент қаласының әкімдіктерінде бұл бағыттағы жұмыстың жолға қойылмағаны байқалады, онда жасалған ұжымдық шарттардың қамтылуы жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 9%–ын, ал Маңғыстау облысында – 15% – ын, Атырау облысында -19% - ын құрайды.

Серік Шәпкеновтің айтуынша, осы жылдың басынан бері 8 еңбек жанжалы орын алған, олардың негізгі себептеріа: жалақының төмен деңгейі; бір сала шеңберінде басқалармен салыстырғанда жекелеген кәсіпорындар жалақысының өсу қарқынының (индекстеу) артта қалуы; кәсіпорынның негізгі және қосалқы кәсіптері бойынша жұмыс істейтін жұмыскерлерінің жалақысындағы алшықтық; бір сала кәсіпорындары арасындағы жұмыскерлер үшін түрлі әлеуметтік пакеттер.

Кәсіпорындарда еңбек дауларын болдырмау үшін Еңбекминінің басшысы бірқатар шараларды ұсынды.

Бірінші. Әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссияның жұмысын: өңірлік үшжақты комиссиялардың құрамына кәсіподақтармен қамтылмаған жұмыскерлердің өкілдерін қосу; ахуалдық орталықтың деректері негізінде үшжақты комиссиялардың көшпелі отырыстарын өткізу; үшжақты комиссия мүшелерінің он күн сайын «Ашық есік күндерін» өткізуі; үшжақты комиссияның шешімін бақылау және қадағалау органдарының жоспардан тыс тексеру жүргізуі үшін негіздемелер тізбесіне енгізу жолымен қайта өзгерту.

Екінші. Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың және жосықсыз салық төлеушілердің тізілімдеріне ұқсас еңбек заңнамасын бұзушылардың тізілімін жасау. Осы тізілім өрескел бұзушылықтар анықталған жағдайда, тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарына сәйкес бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру нәтижелері негізінде қалыптастырылатын болады.

Үшінші. Еңбек жанжалдарының тиімді алдын алу жөніндегі мынадай шаралар: ұжымдық еңбек дауы туындаған кезде оны заңды деп тану үшін жиналысқа қатысқан қызметкерлердің санын азайту жолымен қызметкерлердің талаптарын білдіру рәсімін оңайлату; жұмыс берушілердің еңбекақы төлеу мәселелері бойынша жұмыскерлерден хабарлама, ұжымдық шарттар, жұмыс берушінің актілерін алғаннан кейін үш сағат ішінде үшжақты комиссияларды хабардар ету міндетін бекіту. Бұл ұсыныстар ҚР Еңбекминінің норма шығару қызметі шеңберінде іске асырылатын болады.

Төртінші. Әкімдіктер кәсіпорындардағы ұжымдарда әлеуметтік көңіл-күйге әлеуметтік зерттеулер жүргізуі қажет, оның қорытындысы бойынша әрбір компания әлеуметтік тұрақтылықты қолдау жөніндегі іс-шаралар жоспарын жасауы тиіс.

Министр сондай-ақ жалақы бойынша берешекті өтеу мәселесі ерекше бақылауда екенін атап өтті. Осы жылдың басынан бастап еңбек инспекторлары 570 кәсіпорында 3,2 млрд теңге сомасына берешекті өтеді және 13 мың жұмыскердің құқықтары қорғалды. Бүгінгі таңда 67 кәсіпорында 2 мың жұмыскердің алдындағы берешек сомасы 670 млн. теңгені құрайды.    

Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мен Қазақстан Еңбек конфедерациясының төрағасы Мұрат Машкенов кәсіподақ ұйымдарының еңбек құқықтарын қорғау жөніндегі жұмысы туралы айтып берді.

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Абзал Меңдібаев және «Қазмұнайгаз» АҚ мен «Кезби» ЖШС өкілдері мұнай-сервистік ұйымдар жұмыскерлерінің жалақысын біріздендіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.

Отырысты қорытындылай келе, Ералы Тоғжанов әкімдіктерге айына кемінде екі рет өңірлік үшжақты комиссиялардың отырыстарын өткізуді және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, осы комиссиялардың төрағалары ретінде өңірлердің әкімдерін тағайындауды тапсырды. Өз кезегінде, ҚР Еңбекмині өңірлік үшжақты комиссиялардың жұмысына талдау жүргізіп, нәтижелері бойынша олардың тиімділігін арттыру жөнінде ұсынымдар әзірлеуі тиіс.

Республикалық үшжақты комиссия мүшелері кәсіподақтар бірлестіктеріне ҚР Еңбекмині және өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, еңбек ұжымдарындағы жағдайға, салалық үшжақты келісім шарттарының орындалуына бақылауды күшейтуді; жұмыскерлер арасында кәсіподақ ұйымдарына сенімді нығайтуға бағытталған шаралар кешенін әзірлеуді және іске асыруды; кәсіподақ ұйымдарының еңбек ұжымдарындағы жағдайға ықпалын арттыру жөнінде қажетті шаралар қабылдауды; кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандыру жөніндегі жол картасын әзірлеуді ұсынды.

Бұдан басқа, Ералы Тоғжанов ҚР Еңбекмині өңірлер әкімдіктерімен бірлесіп, өңірлік үшжақты комиссиялардың отырыстарында бар еңбек дауларының қаралуын бақылауды; еңбек дауларының туындау мүмкіндігі бар әрбір кәсіпорында наразылық деңгейіне баға беруді және проблемалық мәселелерді шешудің нақты жолдарын әзірлеуді тапсырды.

Барлық әкімдіктер өңірлердегі еңбек жанжалдарын бақылауды күшейтіп, еңбек наразылықтарының алдын алу бойынша қажетті шаралар қабылдауы қажет, – деп атап өтті ол.

Өзгелердің жаңалығы