Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының XXI отырысында Съездің 2023-2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы бекітілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Отырыс барысында қатысушылар Қазақстан Президентінің тапсырмасымен әзірленген Съездің 2023-2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын бекітті.
Бұл құжат форумның БҰҰ институттарымен және басқа да беделді халықаралық құрылымдармен ынтымақтастығын нығайтуды, сондай-ақ, серіктестер шеңберін және форум қызметінің географиясын кеңейтуді көздейді.
Тұжырымдамада форумның алдағы жылдардағы даму бағдары қамтылған. Съезд миссиясын кеңейту құжат жобасының негізгі жаңалығы екенін атап өткен жөн. Қоғамның сеніміне ие, беделді дін қайраткерлері әлемдік қоғамдастықтың алдында тұрған жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге елеулі үлес қоса алады. Кедейшілік, климаттың өзгеруі мәселелерін шешуде күш жұмылдыру, соғыстар мен қақтығыстарды тоқтатуға ықпал ету, диалог және өзара құрмет мәдениетін дәріптеу бағыттарына да серпін беретіні анық. Тұжырымдамада Съезд миссиясын іске асыруға арналған бірқатар жаңа тетіктер мен институттар қарастырылған. Съездің Ізгі ниет елшісі институтын құру ұсынылып отыр. Жас дін көшбасшыларының форумын және басқа да іс-шараларды өткізу жоспарланып жатыр. Бұл Тұжырымдама Съездің алдағы жылдарға арналған серпінді және жасампаз даму векторын айқындайды, – деді Парламент Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев.