Әлемді бейбітшілікке шақырған кездесу

Әлемді бейбітшілікке шақырған кездесу

Жаһандық бірлік пен ізгі мақсатты көздейтін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен 2003 жылы алғаш рет өткізілген болатын, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Содан бері аталмыш съезд еркін сұхбат құратын ашық платформаға айналды. Қазақстан  әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу арқылы бүкіл әлемдік қоғамдастыққа жалпыұлттық консенсус пен қоғамның топтасуының үлгісін көрсетуде. Съездің өтуіне арқау болған діндераралық диалог, төзімділік, үнқатысу сынды асыл мұраттардың ұшқыны қазақ мәдениеті мен дәстүрінде де жиі ұшырасады.

 Тарихқа көз салсақ, түркі халықтары ежелден төзімділікке, адамгершілікке, ізгілік пен кешірімге бейім жұрт ретінде танылды. Ғұлама ойшылдар Жүсіп Баласағұн, Ахмет Иүгінеки және Қожа Ахмет Ясауи өз ой толғамдарында мейірім мен махаббатты, төзімділікті кеңінен насихаттады.

Әзірет Сұлтан атанған ғұламаның рухани тәрбиесінен өтіп, жер-жаһанға таралған шәкірттері, ең бастысы, ар мен адамгершілікті, толеранттылықты Темірқазық етіп алды. Бұл құндылықтар олардың қалдырған мұраларында да айқын танылады. Ясауи ілімінде діни төзімділік бір діннің шеңберімен шектелмей, жоғары ақиқатқа жол сілтейді. Кеңпейілділік пен өзара түсіністік болмаса, адамдар арасында махаббат та, сұхбат та, бейбітшілік те өркен жаймас еді. Сондықтан ол адамдарды тілі мен дініне қарап бөлмей, олардың «әлімсақтағы» рухани бірлік пен тірлігін осы дүниеде де жалғастыруына мүмкіндік беруді ұсынды. Бір сөзбен айтқанда, Ясауи ілімі – барлық жарытылысты тек Тәңір үшін сүюге негізделген құдайлық ғашықтық. Бұл кейіннен Жүніс Әміре, Абай, Шәкәрім сияқты даналардың ортақ ой ұсынына айналды. 

Абай хәкімнің «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген идеясының мәні ашылар сәттің де енді туғанын көріп отырмыз. Бүгінгі ғаламдық үдерістер мен құбылыстар сынап, бірлік пен ынтымаққа, тұрақтылыққа сызат түсіретін, діннің атынан әрекетке көшкен теріс пиғылды ағымдардың алдын алу үшін даналар мирасын қажетімізге жарататын кез келді. 

Міне, осыдан көретініміз, діни төзімділік, толеранттылық мәдениетінің тамыры тереңде жатыр. Қорқыт ата, әл-Фараби, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Йүгінеки, Қожа Ахмет Ясауи сынды ғұлама даналардың дүниетанымы – діни фанатизмге мүлдем жол бермейтін, жаһандық үндестікке үндейтін құндылықтар әлемі.  Қаншама ғасыр өтсе де, қазақ топырағындағы толеранттылық принциптері әлі де құндылығын жоймады. Осыны басты назарда ұстай отырып, Қазақстан топырағында діни толеранттылықты орнықтыруға мүмкіндігіміз толық жетеді деген пайым жасауға болады. 

Осы мақсатта Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде де бірқатар ауқымды жобалар тұсауын кескен болатын. Ең алдымен, университетте Қазақстанда тұңғыш рет Теология факультеті ашылды. Факультет стратегиясында Қожа Ахмет Ясауи ілімін, оның ішінде төзімділік қағидасын терең меңгертуге күш салатыны көрсетілген. Ал жақын арада университет кампусында Түркия Республикасының қолдауымен Теология факультеті мен «Түркология» ғылыми-зерттеу орталығына арналған заманауи ғимарат бой көтереді. Онда зайырлы дін ұстанымы негізінде сабақтар өткізіліп, теология бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі.

Қазіргі кезде университет студенттері кешірім, бірлік, плюрализм, толеранттылық, адалдық сияқты негізгі құндылықтарды игеру үшін «Ясауитану» дәрістері өткізіліп келеді.  Баршаңызға мәлім, 2015 жылы БҰҰ ұйымы 17 негізгі бағытты қамтитын Тұрақты даму мақсаттарын қабылдады. Инклюзия, адамдар арасындағы кемсітушілік пен теңсіздікке жол бермеу сияқты тұрақты даму мақсаттары Ясауи бабамыздың философиясымен терең үндесіп жатыр. Әсіресе, инклюзияның ең жақсы үлгісі ретінде Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінде «жан баласына қиянат көрсетпеу керек» деген қағида жиі айтылады. «Бір дастарқан басында бас қосқан адамдар, мейлі яхуди, мейлі христиан немесе мұсылман, мейлі тіпті отқа не пұтқа табынушы болса да, оларды дініне, түріне, нәсіліне қарап бөле жармаған кісі – нағыз кемел адам» деген ұстанымнан көруге болады. Әзірет Сұлтан адамдарды имандылық, қанағат, махаббат, сабыр, игілік, жомарттық, шыншылдық, әділет, қарапайымдылық, өзара сүйіспеншілік және құрмет сияқты сезімдерді байытуға шақырады. Егер біз Ясауи ілімі және Тұрақты даму мақсаттарын терең байланыстыра отырып түсіндіру ісін қолға алсақ, қоғамға мол пайда әкелетініміз сөзсіз.

Университетіміз бұл бағыттағы жұмыстарды бастап кеттік десек те болады. «Ясауитану» ғылыми-зерттеу институтында Қожа Ахмет Ясауи ілімі мен мұраларын зерттеу, зерделеу, ондағы адамзат үшін маңызды қағидалар мен идеяларды жинақтап, оқу-тәрбие ісінде қолдану жолға қойылған. Университетте шет елдерден келіп білім алатын студенттер құрамының мол екенін ескерсек, мұның өзі жаһандық ынтымақтастық пен сұхбаттастыққа қосылған үлес бола алатынын бағамдаймыз. 

Бәрімізге белгілі, бүгінгі таңда Қазақстанның диалог стратегиялары әлемдік қауымдастыққа танымал болып отыр. «Өркениеттер диалогы мен әріптестігі», «Әлемдік және дәстүрлі діндердің диалогы», «Заманауи еуразияшылдық моделі», «Дінаралық келісім моделі» сияқты стратегиялар мәдени кеңістікте сәтті жүзеге асып келеді. Өйткені мұнда толерантты сана-сезімнің қалыптасуы үшін қажетті сұхбат мәдениеті бар. Осының бәрі Шығыс пен Батысты біріктіретін бейбітшілік миссиясы үшін еңбек етуге мүмкіндік береді. Өз кезегінде, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі жоғарыда айтылған миссияны орындауға алтын көпір болады деген сеніміміз мол. Себебі әрбір үш жыл сайын ұйымдастырылатын Съезд барлық діндердің мүддесі мен мақсаты ортақ екенін айқын көрсетіп берді. Аз ғана уақыт ішінде қанатын кеңінен жайып, әлем жұртшылығына танылған бұл маңызды шара алдағы уақытта өзінің жемісін берері де сөзсіз.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы 

Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры

Жанар Темірбекова

Бөлісу: