Watershed Investigations ұйымы мен The Guardian басылымы жүргізген зерттеуге сәйкес, әлемдегі ең ірі 100 қаланың жартысы су тапшылығының жоғары деңгейін бастан өткеріп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Су тапшылығы дегеніміз – қоғамдық сумен қамту мен өнеркәсіпке қажетті су көлемі қаладағы қолда бар су қорынан асып кетуге жақын дегенді білдіреді. The Guardian дерегінше, бұл жағдай көбіне:
су ресурстарын тиімсіз басқарумен;
климаттың өзгеруінің күшеюімен байланысты.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, Бейжің, Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Рио-де-Жанейро және Дели қалалары аса жоғары су тапшылығын сезініп отырған қалалардың қатарына кіреді. Ал Лондон, Бангкок және Джакарта су тапшылығы өте жоғары деңгейдегі қалалар ретінде бағаланған.
Watershed Investigations сайтында әлем бойынша қуаңшылық деңгейін көрсететін «Су қауіпсіздігі атласы» атты интерактивті карта жарияланған. Бұл картаға Қазақстан қалалары да енгізілген.
Картада Астана маңы ашық түстермен (күлгін-көк, бейтарап реңктер) белгіленген, ал су ресурстары тапшылығы қаупі жоғары аймақтар сары-қызғылт сары немесе қызыл түспен көрсетілген. Бұл модель бойынша Астанадағы болжамды су тапшылығы деңгейі Алматы мен Шымкент сияқты мегаполистерге қарағанда төмен екенін аңғартады.