Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ең қарт адам саналатын жапондық әйел Канэ Танака 118 жасын тойлады. Бұл туралы lenta.ru NHK телеарнасына сілтеме жасап хабарлады.
Пандемияға байланысты кейуана туыстарымен кездесіп жүрген жоқ. Туған күн иесін өзі тұрып жатқан Қарттар үйінің қызметкерлері құттықтады.
2020 жылдың 19 қыркүйегінде Канэ Танака тарихтағы ең қарт жапон тұрғыны болды. Бұған дейін жапондықтардың ұзақ өмір сүру рекордын Наби Тадзима ұстаған, ол 2018 жылдың сәуірінде 117 жаста және 260 күнде қайтыс болды. Канэнің немересі, 60 жастағы Эидзи Танакидің айтуынша, оның дені сау және жақсы өмір сүріп жатыр. Әйел өзінің жаңа рекордын сүйікті сусын деп санайтын Coca-Cola бөтелкесімен атап өтті.
Канэ Танака 1903 жылы 2 қаңтарда дүниеге келді, оны растайтын көптеген құжаттық дәлел бар. Ұзақ өмір сүрудің әлемдік рекорды 1997 жылы тамызда 122 жасында және 164 күнінде қайтыс болған француз әйел Жанна Кальманға тиесілі, бірақ зерттеушілер оның жасына күмән келтіруде.