Бүгінде дүниежүзінде 65 миллион адамның жұмысы жоқ, деп хабарлайды BAQ.KZ Хабар24-ке сілтеме жасап.
Женевада арнаулы отырыс жасаған Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері осылай деп мәлімдеді. Жастарды жұмыспен қамтуда «кәрі» құрлық алда тұр. Еуропада кейінгі 1 жылда экономикалық жағынан пайдасыз жастар саны 2,5 миллионға қысқарған.
Бірақ әлі 13 миллион еуропалық жас сенделіп бос жүр. Олар әсіресе Испания мен Грекияда көп. «Ал Чехия, Польша мен Мальтадан жұмыссыз жасты табу қиын», – дейді сарапшылар.
Жұмыссыздықты азайтуға коронавирустан кейінгі экономиканың қалпына келуі және еңбек күшіне деген сұраныстың артуы себеп.
Жастар арасындағы жұмыссыздық рекордты деңгейде төмендеген. Осы көрсеткіштің 13% қысқаруы – кейінгі 15 жылдағы ең төменгі деңгей. Бірақ барлық аймақтағы жағдай біркелкі емес. Бізге әлі де көп жұмыс атқару керек, - деді Халықаралық еңбек ұйымы бас директорының орынбасары Миа Сеппо.
Араб және Африка елдерінде әр үшінші жас жұмыссыз жүр.
Ең үлкен жұмыссыздық деңгейі Араб және Солтүстік Африка елдеріне тиесілі. Бұл аймақтарда әр үшінші жас масылға айналған. Оның үстіне Африкадағы жастардың жартысынан астамы ауыл шаруашылығында тер төгіп жүр. Ал жоғары оқу орнын бітірген, табақтай дипломы бар жастар жұмыс табай алмай әлек.
Университетті «Машина жасау» мамандығы бойынша бітірдім. 4 жылымды жоғары білім алуға, білікті маман атануға жұмсадым. Бірақ диплом алғанымды қайтейін, мені жұмыс берушілер «тәжірибең жоқ» деп алмай жатыр. Құжатымды құшақтап, бос жүрмін, - деді жұмыссыз Элио Хори.
Оңтүстік-Шығыс Азияда жастардың 25%-астамы – жұмыссыз Жастар арасындағы кіріптарлықты Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен де байқауға болады. Бұл аймақтағы жастардың 25% астамы – жұмыссыз.
Қытайда жұмыссыз жастар қатары артуы мүмкін Бұрын аталған статистикадан Қытай шықпайтын. Бірақ кейінгі 3 айда көрші елдегі жастар жұмыссыздығы 7%-ке төмендеген. Алайда қуануға әлі ерте. Өйткені «Уолл Стрит Джорнал» басылымы таяуда 12 миллион Қытай жасы жоғары оқу орнын бітіреді, сонда оларға жұмыс табу қиындайды деп ескертеді.
Үндістанда жас IT мамандарға жұмыс табу қиын Халық саны бойынша әлемде бірінші орын алатын Үндістанда да жастарға қиын. Бұл елде 20 мен 29 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық 45,5% құрайды. Әсіресе ақпараттық технология мамандығына ие өрендер далада қалып жатыр. Бұл салада керісінше үнемі қысқарту болады. Былтыр IT мамандарын жұмысқа орналастыру алдыңғы жылмен салыстырғанда 18% төмендеген. Таиландта да осы жағдай.
Менің замандастарым үшін қазір жалақы маңызды. Жастардың көбі аз айлыққа бола жұмыс істегісі келмейді. Бәрі бай-бақуатты өмір сүргенді қалайды. Бұл – өте алаңдатарлық жағдай. Қазіргі жастар мардымсыз жалақы алғанша жұмыссыз жүргенді құп көреді, - деді жұмыссыз Сарасвати Перенчио.