BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жария болған жаңалықтар топтамасын ұсынады.
Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-қа ресми сапармен барды
Украина көшбасшысының ұшағы Joint Base Andrews әуе базасына қонған.
Президенттік А319 рейсі 8 сағат 2 минутқа созылғаны айтылды. Борт Зеленский кішігірім аялдама жасаған Ирландиядағы Шаннон әуежайынан ұшып шыққан. Президенттік ұшақ Мэриленд штатындағы Joint Base Andrews әскери әуе базасына қонған.
АҚШ-қа барар жолда Владимир Зеленский Ирландияға тоқтаған. Ұшақ елдің батысындағы Шеннон әуежайына аялдаған. Бұл аялдамасында Зеленский Ирландияның премьер-министрі Мишель Мартиномен кездесті.
Украина президенті АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесу үшін Вашингтонға сапар шегеді. Кездесу кезінде көшбасшылар сирек кездесетін металдар туралы келісімге қол қояды деп күтілуде.

Солтүстік Корея стратегиялық қанатты зымырандарын сынақтан өткізді
Солтүстік Корея стратегиялық қанатты зымырандарын сынақтан өткізгенін хабарлады.
Кореяның Орталық телеграф агенттігінің (ЦТАК) мәліметінше, елдің басшысы Ким Чен Ын сынаққа жеке өзі қатысып, бақылау жасады.
Агенттіктің ақпараты бойынша, зымырандар елдің батыс бөлігінен ұшырылған. Бұл сынақ «елдің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін жауларға ядролық соққы беру қабілетін көрсету» мақсатында жүргізілген.
Ким Чен Ын әскерге ядролық қаруды қолдануға әрдайым дайын болуды тапсырды.
Солтүстік Корея үнемі зымыран сынақтарын өткізеді. Стратегиялық қанатты зымырандар соңғы рет 26 қаңтарда сыналған болатын. Бұған қоса, 7 қаңтарда Пхеньян орта қашықтықтағы жаңа гипердыбысты баллистикалық зымыранды ұшырғанын мәлімдеген.

Стамбұлда РФ мен АҚШ делегацияларының келіссөздері аяқталды
Стамбұлда Ресей мен АҚШ делегацияларының елшіліктердің қызметін талқылауға арналған келіссөздері аяқталды.
Кездесу Стамбұлдағы АҚШ бас консулының резиденциясында өтті. Ол сағат 09:50-де басталып, 16:20-да аяқталды, жалпы ұзақтығы шамамен алты жарым сағат болды.
Ресей делегациясы келіссөздер өткен орынды ешқандай түсініктеме берместен тастап шықты.
Кездесу жергілікті және халықаралық БАҚ өкілдері тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.
Бұған дейін РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Катарға жасаған сапарының қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында Ресей мен АҚШ дипломаттары 27 ақпанда Стамбұлда кездесіп, «жүйелі мәселелерді» қарастыратынын хабарлаған еді.
Осыған байланысты Ресей СІМ ресми өкілі Мария Захарова бүгін Стамбұлда екіжақты диалогта «алдыңғы америкалық әкімшіліктердің деструктивті әрекеттерінен туындаған көптеген мәселелерді шешу жолдарын табуға арналған сарапшылар кездесуі» өтіп жатқанын мәлімдеді.
Екі ел делегацияларының алғашқы кездесуі 18 ақпанда Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта өтті.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп жуық арада ресейлік әріптесі Владимир Путинмен кездесуді жоспарлап отырғанын және онда Украинадағы қақтығысты тоқтату мәселесін талқылайтынын мәлімдеді. Ол сондай-ақ бұл кездесудің Сауд Арабиясында өтуі мүмкін екенін айтты.
Өз кезегінде Түркия бейбіт бастамаларға, соның ішінде келіссөздерді ұйымдастыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін растады.