BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.
Венесуэла Израильге мұнай жеткізе бастады
Венесуэла бірнеше жылдық үзілістен кейін Израильге мұнайдың алғашқы партиясын жөнелтті.
Мәліметке сәйкес, жүк Израильдегі ең ірі мұнай өңдеуші компания – Bazan Group үшін тасымалдануда.
Агенттіктің дерегінше, соңғы бір айда Венесуэла мұнайының басым бөлігі Үндістан, Испания және АҚШ-тағы сатып алушыларға сатылған.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ пен Венесуэланың мұнай қоры әлемдік қордың 68 пайызын құрайтынын мәлімдеген болатын.
Трамп Иранға қарсы екінші әуе тасымалдаушы топ жіберуі мүмкін екенін мәлімдеді
Вашингтон Иран бағытына екінші әуе тасымалдаушы топ жіберу мүмкіндігін қарастыруда.
Ол жаққа бір армада бағыт алды, мүмкін тағы біреуі де жіберілуі ықтимал, – деді Ақ үй басшысы.
Оның айтуынша, Иран бағытына екінші әуе тасымалдаушы топ жіберу мәселесі қарастырылып жатыр.
Бұған дейін Иран үкіметі Израиль мен АҚШ тарапынан болуы мүмкін әрекеттерге дайын екенін мәлімдеген болатын.
Канададағы мектепте болған атыстан он адам қаза тапты
Канаданың Британдық Колумбия провинциясындағы Тамблер Ридж қаласында орналасқан мектепте болған атыс салдарынан 10 адам көз жұмды.
Полиция мәліметінше, Тамблер Ридждегі жоғары мектеп ғимаратынан алты адамның мәйіті табылған, тағы бір адам ауруханаға жеткізу кезінде қайтыс болған.
Тағы екі адамның денесі мектепке жақын маңдағы тұрғын үйден табылды. Құқық қорғау органдары бұл құрбандарды мектептегі оқиғамен байланысты деп есептейді.
Атыс жасады деген күдіктінің денесі де мектептен табылған. Алдын ала мәлімет бойынша, ол өзіне қол жұмсаған болуы мүмкін.
Сондай-ақ кемінде 25 адамның жарақат алғаны хабарланды. Зардап шеккендердің екеуінің жағдайы ауыр, олар ауруханаға жатқызылды. Қалған оқушылар мен мектеп қызметкерлері қауіпсіз жерге эвакуацияланды.