BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жария болған жаңалықтар топтамасын ұсынады.

Түркияда оппозиция Имамоғлуның қамауға алынуына қарсы наразылықтарын жалғастырады
Түркияның ең ірі оппозициялық күші – Халықтық-республикалық партиясының (ХРП) 50 жастағы жетекшісі Өзгүр Өзел Ыстамбұлдың экс-мэрі, оппозиция тарапынан мерзімінен бұрын өтетін президенттік сайлауға үміткер ретінде ұсынылған Экрем Имамоғлуның қамауға алынуына қарсы әр апта сайын түрлі қалаларда наразылық акцияларын ұйымдастыруды жалғастыратындарын мәлімдеді. Өзел мұны партияның кезектен тыс съезінде айтты.
Сонымен қатар ХРП әр сәрсенбі күні кешкісін Стамбұлдың түрлі аудандарында митингілер өткізетін болады, деп хабарлады Reuters агенттігі.
Партияның мәліметінше, 2023 жылы өткен съез кезінде орын алған деп болжанатын заңбұзушылықтарға байланысты прокурорлық тергеулер аясында билік партияны басқаруға сенімді адам тағайындау туралы шешім қабылдағаннан кейін, ХРП кезектен тыс съезд шақырған.
Имамоғлу тұтқындалғаннан кейінгі апта ішінде партия күн сайын кешкісін Стамбұл мэриясы ғимаратының алдында ауқымды митингілер өткізіп, өткен демалыс күндері қаланың бір ауданында ірі шеру ұйымдастырды.
Өзел партия төрағасы қызметіне қайта сайланды. DPA агенттігінің хабарлауынша, ол 1276 делегаттың 1171-інің дауысын жинаған. Сонымен қатар, ХРП жетекшісі Түркияда мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізуге шақырып, бұл сайлау биыл "қараша айынан кешікпей" өтуі тиіс екенін айтты (AFP агенттігінің дерегі).
ХРП Имамоғлуға бостандық беруді және мерзімінен бұрын сайлау өткізуді талап етіп, символдық қол жинау науқанын бастап кетті.

Трамп импорттық баж салығы туралы: Мен келіссөздерге дайынмын
АҚШ президенті Дональд Трамп белгілі бір шарттар орындалса, елге тауарлар әкелуге салынған жаңа баж салығын жеңілдету мәселесін сауда серіктестерімен талқылауға дайын екенін мәлімдеді.
Мен Қытаймен, Еуропалық одақпен және басқа елдермен бар дефицит мәселесін шешкім келеді. Егер олар бұл туралы сөйлесуге дайын болса – мен келіссөздерге ашықпын, – деді ол 6 сәуір, жексенбі күні кешке Флорида штатынан АҚШ астанасы Вашингтонға ұшып бара жатқан ұшақта журналистерге берген сұхбатында.
Трамп демалыс күндері Еуропа, Азия және бүкіл әлемнің көптеген жетекші саясаткерлерімен сөйлескенін айтты. «Олар келісімге келуге ынталы», — деді ол.
Сонымен қатар АҚШ президенті сауда тапшылығына — яғни қандай да бір елдің АҚШ-қа экспорт көлемі импорттан әлдеқайда көп болуына — енді төзгісі келмейтінін қадап айтты. Оның сөзінше, АҚШ пайдасына сауда артықшылығы болуы керек немесе өзара сауда балансы тең дәрежеде болуы тиіс.
Қытайға қатысты пікірінде Трамп бұл елмен саудадағы тапшылықтың ауқымды екенін атап өтті.
Жыл сайын Қытайдан жүздеген миллиард доллар жоғалтып отырмыз. Егер біз бұл мәселені шешпесек, ешқандай келісім болмайды. Мен Қытаймен келіссөз жүргізуге дайынмын, бірақ олар өздерінің сауда артықшылығын қысқартуы тиіс, — деді Трамп.

Иран әскері жоғары жауынгерлік дайындыққа келтірілді
Иранның Жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи АҚШ тарапынан шабуыл болуы мүмкін деген алаңдаушылыққа байланысты елдің қарулы күштерін жоғары жауынгерлік дайындыққа келтірді, деп хабарлады Reuters агенттігіне 6 сәуір, жексенбі күні жоғары лауазымды ирандық шенеунік.
Агенттік дереккөзіне сәйкес, Иран көршілес елдерге – Ирак, Кувейт, Катар, БАӘ, Түркия және Бахрейнге – АҚШ шабуылына қандай да бір қолдау көрсету, соның ішінде америкалық әскери күштерге әуе кеңістігін немесе аумақты ұсыну Тегеранға қарсы дұшпандық әрекет ретінде бағаланатыны және «ауыр салдары» болатыны туралы ескерту хаттар жолдаған.
Сонымен қатар бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамптың тікелей келіссөздер туралы талабын қабылдамай тастаған Хаменеи Оман арқылы жанама келіссөздерді жалғастырғысы келеді, деп мәлімдеді ирандық шенеунік. Оман — қарсылас елдер арасындағы хабар алмасу үшін бұрыннан қолданылып келе жатқан арна. Егер АҚШ қолдау білдірсе, мұндай келіссөздер жақын арада басталуы мүмкін, деді ол.
Біз Иранға қарсы қатаң санкцияларды алып тастауға айырбас ретінде сенімді нығайту қағидаттарына негізделген келіссөздерді қайта бастауға дайынбыз, — деді елдің Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи.
Сонымен бірге ол Иран «ұлттық мүддесі мен егемендігін қорғауда сондай-ақ табанды әрі шешімді» екенін айтты. Бұған дейін Иран президенті Масуд Пезешкиан Тегеран «қоқан-лоққыларсыз, тең дәрежеде сөйлескісі келетінін» мәлімдеген еді.