BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жария болған жаңалықтар топтамасын ұсынады.
Трамп Путинге үндеу жолдады
АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Ресей президенті Владимир Путинге үндеу жариялад.
Мен Ресейге зиян тигізгім келмейді. Мен оның халқын жақсы көремін және радикалды солшылдардың «Ресей, Ресей, Ресей» деп айтқанына қарамастан, менің президент Путинмен қарым-қатынасым өте жақсы болды. Біз Ресей Екінші дүниежүзілік соғысты жеңуге көмектескенін ешқашан ұмытпауымыз керек. Олар сол үшін шамамен 60 000 000 адамынан айырылды. Осыны ескере отырып, мен экономикасы құлдыраудың алдында тұрған Ресей мен президент Путинге мол жақсылық жасағым келеді. Қазір келісімге келіңіздер де, бұл мағынасыз соғысты тоқтатыңыздар! БҰЛ СОҒЫС ТЕК УШЫҒА БЕРЕДІ, - деп жазды Трамп.
Осы тұста ресми деректер бойынша, Кеңес Одағының соғыстағы адам шығыны 27 миллионға дейін жеткенін айта кетейік. Сондай-ақ бұл сан Ресей азаматтарымен қатар сол кездегі КСРО құрамына кірген барлық республикалардың өкілдерін қамтиды.
Егер біз жақын арада «келісімге» келмесек, Ресейдің АҚШ-қа және басқа елдерге сататын барлық өнімдеріне жоғары салық, тариф пен санкция салуыма тура келеді. Бұл соғысты тоқтатайық, егер мен бұған дейін президент болғанда, ол ешқашан болмас еді! Біз мұны оңай немесе қиын жолмен шеше аламыз, бірақ оңай жол әрқашан жақсы. Келісім жасау уақыты келді. ЕНДІ ЕШҚАНДАЙ АДАМ ҚАЗА ТАППАУЫ ТИІС! - деп қорытындылады Трамп.
Германия мен Франция Еуропа бірлігі үшін
Германия мен Франция көшбасшылары Еуропаның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, әл-ауқатын жақсарту және қауіпсіздігін нығайту үшін күш салу қажеттігін айтты. Бұл мәлімдеме Дональд Трамптың Ақ үйге оралуы аясында жасалды.
Трамптың АҚШ билігіне келгеніне екі күн өткен соң Германия канцлері Олаф Шольц пен Франция президенті Эммануэль Макрон "Еуропаның мықты болуы керек" деп мәлімдеді.
Шольцтың айтуынша, Трамппен ынтымақтастық қиын міндет болмақ, бірақ Еуропа "бас имей, жасырынбай, конструктивті және өз күшіне сенімді серіктес болады". Бұл туралы ол Парижде Макронмен кездесу барысында мәлімдеді.
Шольцтың сөзіне қарағанда, ол еуропалық әріптестерімен бірге Трамптың Ақ үйге оралғаннан кейін қабылдаған шешімдерін мұқият талдамақ.
Еуропа күшті әрі тұрақты болуы керек, себебі әлем тұрақсыз күйде тұр. Біз Еуропаның шамамен 450 миллион халқы бар ірі экономикалық аймақпыз. Біз мықтымыз. Біз біргеміз, - деп атап өтті Германия үкіметінің басшысы.
Қырғызстан никаб киюге тыйым салды
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров діни саладағы заңнамалық өзгерістерді бекітті. Оның аясында никаб – бетті толықтай дерлік жабатын мұсылман киімін кию шектелді.
Ол тұлғаны тануға мүмкіндік бермейтін киімді қоғамдық орындарда киюге тыйым салатын заң жобасына қол қойды, - делінген Қырғызстан президентінің ресми сайтында.
Бұл тыйым еңбек және қызметтік қызметке қатысты немесе медициналық себептермен бет жабуды талап ететін киімдерге қолданылмайды.
Панама БҰҰ-ға жүгінді
АҚШ президенті Дональд Трамптың инаугурациялық сөзінде Панама каналына бақылау орнатуға қатысты сөздерінен кейін Панама билігі оның мәлімдемесін жоққа шығарып, қолдау сұрап БҰҰ-ға жүгінді.
Біз Трамптың айтқан сөздерін толықтай жоққа шығарамыз", – деп мәлімдеді Панама президенті Хосе Рауль Мулино Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумда.
Мулино Панама каналының "АҚШ-тың сыйлығы" деген Трамптың тұжырымын жоққа шығарып, оның Панамаға тиесілі екенін және солай болып қала беретінін атап өтті.
Панаманың БҰҰ-дағы елшісі Элой Альфаро де Альба БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерришке хат жолдап, Трамптың "алаңдатарлық" мәлімдемелеріне назар аударуды сұрады.
Сонымен қатар Панама билігі БҰҰ Жарғысының қандай да бір мүше мемлекеттің басқа елдің аумақтық тұтастығына немесе саяси тәуелсіздігіне күш қолдану немесе қауіп төндіруге тыйым салатын бабына сілтеме жасады.
Германияда тағы да теракт
Бавариядағы Ашаффенбург қаласында қалалық саябақта пышақпен жасалған шабуыл салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екеуі ауыр жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, деп хабарлады Вюрцбург қаласының полициясы.
Құқық қорғау органдары оқиға орнына жақын маңнан шабуыл жасаған күдіктіні ұстады. Шабуылдың себебі әлі анықталған жоқ. Тергеу "барынша қарқынды түрде" жүргізілуде.
Қанды оқиға жергілікті уақыт бойынша сағат 11:45 шамасында Шёнталь саябағында болды. Оқиға орнына көптеген полиция қызметкерлері барды. Алғашында екі күдікті ұсталғаны хабарланғанымен, кейінірек олардың бірі куәгер екені анықталды. Қазір ол сұралып жатыр.
Полиция басқа күдіктілердің жоқ екенін және халыққа қауіп төнбейтінін мәлімдеді. Оқиға орны үлкен аумақ бойынша қоршалды, бұл аймақта пойыз қозғалысына әсер етті.
Бастапқыда полиция бірнеше ауыр жарақат алғандар, соның ішінде бір баланың да бар екені туралы хабарлаған болатын.